Қазақстанда мұғалімдердің сынып жетекші болғаны үшін төленетін ақысы өседі
Оқу-ағарту министрі мұғалімдердің жалақысын көтеру үшін есептеулер жүріп жатқанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pexels.com
Қазақстандық мұғалімдердің сынып жетекші болғаны үшін жалақысы көтеріледі. Бұл туралы үкіметтің брифингінде оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Бұрыннан сынып жетекшілік үшін қосылатын ақшаның аз екені, ал жұмыс көлемі тым көп екені талқыланып келеді. Оған Бейсембаев та келісіп отыр.
"Мен бұл соманы қайта қарау қажет екенімен келісемін. Осы бағытта есептеулер жүргізіп жатырмыз. Біз сынып жетекшілерге бонусты көтереміз. Әлбетте, көп жұмыс істейтін ұстаздарымызды көтермелеу керек. Оның үстіне биыл оқу-тәрбие жұмысын күшейткенімізді естідіңдер", – дейді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ сыныбының жетістіктері мұғалімнің аттестациялауында қамтылатынын атап өтті.
"Біз оны сертификаттау жүйесіне енгіздік. Бұрын мұғалімдеріміздің белсенділігіне байланысты сыныпты басқару қосылмаса, қазір ол енгізілді. Сондықтан мұғалімдер бұған қызығушылық танытады. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жақын арада оң шешім болары анық", – деді министр.
Алайда ол ақшаның қаншалықты көтерілетінін айтқан жоқ.
"Айтуға әлі ерте. Бұл лайықты ақы болғанын қалаймыз. Менің ойымша, екі есе көбею керек", – деп қосты ол.