Қазақстанда мұғалімдердің құқығы бұзылғанын хабарлауға болатын чат ашылды
Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті "Педагогті қорғау" Telegram чатын іске қосты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл чатта мұғалімдер өз құқығының бұзылғаны туралы хабарлай алады. Мысалы, міндеттен тыс функцияларға тарту, шамадан тыс есеп беру және т.б. туралы.
"Телеграмдағы чатқа келген барлық ақпарат тексеріліп, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің және аумақтық департаменттердің мамандары өтініштерге жедел түрде жауап беріп, мұғалімдермен байланысады", - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес мұғалімдер шамадан тыс есеп беруден босатылды. Қазіргі күні педагогтер күніне тек екі құжат қана, яғни сынып журналын мен қысқа мерзімді (сабақ) жоспарын толтыруы керек.
"Құжаттардың нақты тізімі бар және оны барлығы сақтауы қажет. Мектеп әкімшілігі мұғалімдерден басқа құжаттарды толтыруды талап етуге құқығы жоқ. Егер мұғалімдердің құқығы бұзылғаны анықталса, онда комитет тиісті шараларды қабылдайды", - деді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.
Ол сонымен қатар өңірлерде аумақтық департаменттер жанынан педагогикалық әдеп және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер жұмыс істейтінін еске салды.