Депутат Аймағамбетов балабақшаларда лицензиялау тәртібі қалай болатынын айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында балабақшаларды лицензиялау туралы маңызды әрі қажетті норма қабылданғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: napolshu.com
Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, мұнда ең бастысы балалардың өмірі, денсаулығы және олардың қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет.
"Лицензиялау – бұл жауапкершілік пен бірыңғай талаптарға сәйкестік. Айта кетерлігі, бұл талаптар мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар үшін бірдей болады. Бұл – балалардың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз етудегі үлкен қадам. Маңыздысы – лицензиялау балабақшалардың санын қысқартпайды. Өйткені мемлекет жұмыс істеп тұрған мекемелерді сақтап қалуға мүдделі", – деп жазды депутат.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, лицензиялау талаптары қатаңдатылмайды. Оған қоса, 2027 жылға дейін дайындық кезеңі беріледі.
"Айтпақшы, жеке мектептер көптен бері лицензия алып келеді, керісінше, бұл олардың санын 20 есе арттыруға кедергі болмады. Бұл мәселені біз алғаш рет министрлікте жұмыс істеп жүргенде көтерген едік. Ол кезде үлкен пікірталастар болды. Петициялар, шағымдар түсті – бұл қалыпты жағдай, өйткені кез келген өзгеріске меншік иелері әрдайым сезімтал қарайды. Алайда бүгін, уақыт өте келе, бұл шешімнің қажеттілігі практикада дәлелденді. Қолдау көрсеткен, талқылаған және сын айтқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бөлек депутат балалар құқықтары жөніндегі уәкіл мен жекеменшік балабақшалар қауымдастықтарының белсенді ұстанымын ерекше атап өтті. Бұл ұйымдар осы бастаманы қолдап қана қоймай, саланың тәртібін реттеуді өздері талап етеді дейді Асхат Аймағамбетов.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс оқу ағарту министрлігі бастамашы болған білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдағанын жаздық. 2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялау тәртібі енгізіледі. Бұл заң қабылданбас бұрын Депутат Еділ Жаңбыршин жекеменшік балабақшаларды лицензиялауды ұсынып, балалардың қауіпсіздігін басты назарға қоюды талап етті. Ол балабақшаларға бөлінген 800 миллиард теңгенің жұмсалуын сұрап, бақылауды қатаңдату қажеттігін айтты.