Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мектеп оқушыларының үзіліс кезінде де телефон пайдалануына тыйым салынбақ

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда оқушылардың мектепте телефон пайдалануына толық тыйым салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тиісті түзету ұстаз мәртебесі мен білім беру мәселелеріне қатысты заң жобасында қарастырылған. Мәжіліс депутаттары бастамашы болған құжатқа сәйкес, білім беру саласындағы уәкілетті орган орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің телефон пайдалану тәртібін әзірлеп, бекітетін болады.

Сондай-ақ "Білім туралы" заңға мектеп оқушыларына смартфон пайдалануға толық тыйым салуды көздейтін өзгеріс енгізу жоспарланған. Депутаттар 47-бапты мынадай тәртіппен өзгертуді ұсынды:

"Орта білім беру ұйымдарында оқу процесі барысында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдалануына жол берілмейді. Бұл норма білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдалану қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда қолданылады", – делінген құжатта.

Қазір бұл бап былай жазылған:

"Орта білім беру ұйымдарында оқу процесі барысында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдалануына жол берілмейді, тек қысқамерзімді оқу жоспарларында оқу мақсатында көзделген жағдайларды қоспағанда", – делінген заңда. 

Депутаттардың айтуынша, телефондарды тек сабақ кезінде ғана емес, үзіліс кезінде де пайдалануға тыйым салу кибербуллинг пен деструктивті контентке қатысты қауіп-қатерді азайтуға, сондай-ақ мектептердегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 16 Ақпан, 2026 19:36