Қазақстандықтар дәрігерге бармай-ақ дәрі-дәрмекке рецепт ала алады
Фото: pixabay.com
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәжіліс депутаттарының сауалына жауап ретінде Қазақстанда орта медициналық қызметкерлерге дәрігердің тағайындауы бойынша дәрілер рецептін жазуға рұқсат беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, 2023 жылдың шілдесінен бастап диспансерлік есепте тұрған пациенттерге үш айға дейінгі мерзімге рецепт жазуға мүмкіндік берілген. Емханаларда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар QR-код, SMS код немесе қағаз түрінде беріледі. Бүгінде бұл жүйе 744 медициналық ұйымды қамтитын "Әлеуметтік әмиян" жобасы арқылы жүзеге асырылып отыр.
"Қазір министрлік дәрігердің тағайындауы болған жағдайда дәрілік заттарға рецепттерді орта медицина қызметкерлерінің жазу мәселесін пысықтап жатыр. Яғни созылмалы аурулары бар науқастарға рецепт алу үшін дәрігерге бармай-ақ, медбикеге жүгіну жеткілікті болады", – деді Көшербаев.
Сонымен қатар ол денсаулық сақтау министрлігі сатып алынатын дәрі-дәрмектер тізімін қайта қарағанын атап өтті. Өндірістен алынған дәрілер тізімнен шығарылып, олардың орнына жаңа инновациялық препараттар енгізілген. Қазір бұл бұйрық жобасы мемлекеттік органдарда келісу сатысында тұр. Жаңартылған тізімге 19 дәрі енгізіліп, 172 дәрілік зат пен медициналық бұйым алып тасталды.
2025 жылдың сәуірінде амбулаториялық қамтамасыз ету тізімінен өлім-жітім мен өмір сүру ұзақтығына әсер етпейтін 32 ауру түрі (нозология) шығарылды. Қазір министрлік 12 әлеуметтік маңызы бар ауруды ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) пакетінен МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесіне көшіру бойынша өзгерістер әзірледі.
Қазақстандық дәрігерлер жаппай шетелге кетіп жатыр: Министрлік түсіндірді
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер қосылған құн салығынан босатылатынын айтты. Депутат мұндай ұсынысты әуелден жасағанымен, үкімет мақұлдамағанын айтты. Десе де, екі тарап ұзақ талқылаудан кейін осындай компромистік шешімге келген.

Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жіберген: Көпшілік ресторанға бойкот жариялады
