"Электр энергиясының тарифтері қымбаттайды, жүк көліктері қозғалысы шектеледі": Қазақстанда маусым айында қандай өзгерістер болады
1 маусым Балаларды қорғау күні болса, 6 маусым күні қазақстандықтар Құрбан айтқа орай демалады. Оған қоса жаздың бірінші айында Алакөлге баратын туристер үшін субсидияланған рейстер ашылмақ. Stan.kz ақпарат агенттігі қазақстандықтар үшін 2025 жылғы маусым айында қандай өзгерістер болатынын шолып шықты.
1 маусымнан бастап жүк көліктерінің қозғалысына жазғы шектеулер енгізіледі
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автожолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеулер енгізілетінін хабарлады. Бұл шаралар күннің ыстығында жол жамылғысын сақтауға және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған. Шектеулер +25°C жоғары ауа температурасы кезінде күндізгі уақытта енгізіледі.
Шектеу мерзімі:
- еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде 1 маусымнан 31 тамызға дейін;
- солтүстік және шығыс өңірлерінде 1 маусымнан 15 тамызға дейін.
Шектеулер жол жамылғысын қорғау мақсатында енгізіледі. Жоғары температурада асфальт жамылғысы жұмсарып, ауыр жүктемеге төтеп бере алмайды. Бұл жол жабынының бұзылуына, ойықтар мен ақаулардың пайда болуына алып келеді. Жазғы шектеулерді сақтау жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартып, жөндеу шығынын азайтады.
Қазақстандықтар Құрбан айтқа орай үш күн демалады
2025 жылы Құрбан айттың бірінші күні 6 маусымға келіп тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дін өкілдерінің ұсынысы негізінде бұл күнді демалыс етіп бекітті.
Демалыс күндерінің кестесі белгіленген жұмыс кестесіне байланысты болады:
Бес күн жұмыс істейтіндер 6, 7 және 8 маусымда (жұма, сенбі және жексенбі) демалады.
Алты күн жұмыс істейтіндер 6 маусым (жұма) және 8 маусым (жексенбі) демалады. Ал 7 маусым (сенбі) жұмыс күні болып қалады.
Құрбан айт күні – құрбандық шалу рәсімін жасау, намаз оқу үшін мешіттерге бару, мұқтаж жандарға көмек көрсету, құрбандық етінің бір бөлігін кедейлерге тарату дәстүрі бар мереке. Сонымен бірге бұл күні адамдар отбасыларымен бірге жиналып, туған-туыстарына, достарына барып, қамқорлық пен мейірім көрсетеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 28 мамырда һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталғанын мәлімдеді. Олар Арапа күні биыл 5 маусымға сәйкес келетінін және 6 маусым Құрбан айт мерекесінің бірінші күні екенін атап өтті.
1 маусым – Балаларды қорғау күні
1 маусым – балаларды халықаралық қорғау күні. Бұл күні жылда ата-аналар балаларын ойын-сауық орталықтарына, ойын алаңдарына, аттракциондарға, саябақтарға апарумен қатар, дәмді тағамдар алып береді. Мектеп оқушылары каникул уақытын мерекемен бастап, көңіл көтеруіне мүмкіндік бар.
Жаздың алғашқы мерекесіне орай елордада "Астана балалары" атты жалпы тақырыппен әртүрлі форматтағы ондаған іс-шара өткізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап фестивальдер, байқаулар, челлендждер, концерттер, қойылымдар және басқа да қызықты бағдарламалар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Мерекеге орай Астанада 30-31 мамыр және 1 маусым күндері мерекелік іс-шаралар өтеді. Толығырақ ақпаратты әкімдіктердің сайтынан алуға болады.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан 1 маусымды мемлекеттік мереке ретінде бекітуды ұсынып, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған еді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2024-2025 оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтады.
1 маусымнан бастап балаларға арналған спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылмақ.
Бастама Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асырылады.
Алакөлге кезекті субсидияланатын әуе рейсі ашылады
Астана мен Алматыдан Алакөлге жақын орналасқан Үшарал қаласына субсидияланатын әуе рейстері ашылады. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 1 маусымнан бастап қазақстандық SCAT әуе компаниясы Үшарал қаласына субсидияланатын рейстерді орындай бастайды.
Астана мен Үшарал, сонымен бірге Алматы мен Үшарал арасында аптасына 7 рейс орындалады. Бір бағыттағы билет құны – 20 мың теңге.
Сонымен қатар 2025 жылдың 1 маусымынан бастап SCAT әуе компаниясы Астана-Үржар, Алматы-Үржар арасында аптасына 7 рейс орындайды. Бұл әуе рейстері де субсидияланады. Билеттер қолжетімді бағамен онлайн сатылымда болады.
Жазда қосымша пойыздар іске қосылады
"Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі мәліметінше, кестеге жаңа пойыздар енгізіліп, кейбір бағыттар бойынша жүру жиілігі артады. Маусымнан қыркүйекке дейін үш "Тальго" құрамы, бес стандартты пойыз және үш пойызға тіркемелі вагондар жүреді.
Осылайша, Алматы-Жалаңашкөл бағытында үш "Тальго" пойызы белгілі бір күндері, Астана-Достық бағыты бойынша аптасына екі рет, Алматы-Достық бағытында екі күн сайын қатынайды. Алматы-Достық бағытында стандартты пойыз аптасына 3 рет, Семей-Достық және Өскемен-Достық пойыздары күнара шығады. Пойыздар күн сайын Астана-Алматы және Астана-Шымкент бағыттарында қатынайды.
Қосымша бағыттар арқылы 270 мыңнан астам жолаушы тасымалданады деп жоспарланып отыр.
Air Arabia Abu Dhabi әуе компаниясы Қазақстандағы қызметін бастайды
2025 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда БАӘ-дің Air Arabia Abu Dhabi әуе компаниясы қызметін бастайды. Ол Абу-Даби мен Алматыға тікелей тұрақты рейстер ұшады. Airbus A320 ұшақтары аптасына үш рет: сейсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшатын болады.
Бірінші рейс – 3 маусымда.
Сол уақытта Қазақстандық Air Astana авиакомпаниясы 4 маусымнан бастап Алматыдан Вьетнамның Дананг қаласына тікелей рейстерді іске қосады.
Ұшулар аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Эконом класты билеттің төменгі бағасы (барлық алым-салықтар қосылған) – 360 701 теңге.
Қазақстанда смартфондарды тіркеу мерзімі тағы бір айға ұзартылды
Қазақстанда "сұр" тізімдегі смартфондарды тіркеу мерзімі тағы бір айға – 25 маусымға дейін ұзартылды. Қазақстандықтар осы датаға дейін екі құрылғыны тегін тіркей алады. Ал заңды тұлғалар үшін бұл мерзім 25 мамырға дейін. Аталған күндерден кейін заңсыз әкелінген құрылғыларда байланыс қызметтері қолжетімсіз болады.
Айта кетейік, бұл шара смартфондардың көлеңкелі нарығына қарсы күресу мақсатында қабылданды. Билік өкілдерінің мәліметінше, Қазақстанда сатылатын смартфондардың шамамен 75%-ы көлеңкелі жолмен әкелінген. Мәселен тек бір бренд бойынша ғана төленбеген салық көлемі 156 миллион долларға тең.
Қазақстандықтар өз смартфондарының тіркеуі туралы мәліметтерді eGov Mobile мобильді қосымшасы, www.gov.kz және imei.rfs.gov.kz порталдары арқылы өз бетінше тексере алады.
Қазақстандық бес банк телефон нөмірі арқылы ақша аударымдарын іске қосады
Маусым айында бес банк – Халық банк, Freedom Bank, RBK, Altyn Bank және Home Credit клиенттеріне телефон нөмірі арқылы банкаралық аударымдар қолжетімді болады. Кейін бұл жүйеге басқа қазақстандық банктер де кезең-кезеңімен қосылады. Сонымен қатар банк аралық QR төлем жүйесі де енгізілмек.
Оған қоса Open API платформасындағы мобильді төлемдер жүйесіне қосылу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
"Қазір банктерді Open API платформасының мобильді төлемдерінің банк аралық жүйесіне кезең-кезеңімен қосу жүріп жатыр. Бұл жүйенің операторы болып табылатын Ұлттық төлем корпорациясы тоғыз банкпен келісімшартқа қол қойды. Олар Халық банк, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Банк RBK, Altyn Bank, Bereke Bank, ForteBank, Home Credit Bank және Нұрбанк", — деді Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Бинұр Жәленов.
Қазақстанда 1 маусымнан бастап IELTS бағасы көтеріледі
2025 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанда халықаралық IELTS емтиханының бағасы ресми түрде көтеріледі. Бұл жаз айларында және одан кейінгі уақытта емтихан тапсыруды жоспарлаған кез келген адамға қатысты. Артық төлем жасамау, ақшаны үнемдеу және қосымша жеңілдіктер алу үшін қазір қалай әрекет ету керек екенін білу маңызды.
2025 жылдың 1 маусымынан бастап жаңа IELTS бағасы:
- IELTS Academic/General Training – 94 500 теңге
- IELTS UKVI – 106 000 теңге
- IELTS Life Skills – Ешқандай өзгеріс жоқ
Бұл өсім үміткерлердің көпшілігіне әсер етеді, өйткені Академиялық және Жалпы оқыту ең танымал форматтар болып табылады.
IELTS – халықаралық емтихан, оның құны көптеген факторларға байланысты: айырбас бағамдары, тестілеуді ұйымдастыру шығындары, форматты жаңарту, логистика және үй-жайды жалға алу. Бағаның өсуі жыл сайынғы тәжірибе болып табылады, ал 2025 жыл да ерекшелік емес.
Алматыда электр энергиясының тарифтері қымбаттамақ
1 маусымнан бастап Алматыда электр энергиясы қымбаттауы мүмкін. Алдын ала болжам бойынша 1 киловатт-сағаттың құны қосылған құн салығын (ҚҚС) есептемегенде 38,66 теңге болады.
Кейінгі бір жылда Қазақстанда электр энергиясының тарифтері орта есеппен 11,7% өсті. Алайда Алматы тұрғындары үшін баға одан да жоғары болуы мүмкін. "АлматыЭнергоСбыт" компаниясының мәліметінше, қазір мегаполис тұрғындарына электр энергиясын бөлшек саудада сату бойынша шекті бағаларды көтеру жобасы қарастырылып жатыр.
Жобаға сәйкес, шекті баға 1 киловатт-сағат үшін 38,66 теңге көлемінде белгіленуі мүмкін (ҚҚС-сыз). Салыстырсақ, қазіргі тариф 27,59 теңге болды (ҚҚС-пен 30,9 теңге). Аталған шекті тариф жобасы әлі де бекітілген жоқ.
Көпшілікке арналған (яғни, тұрмыстық тұтынушылар үшін) тариф 1 киловатт-сағатқа 29,52 теңге көлемінде болады деген болжам бар. Ал тұрмыстық емес мақсатта пайдаланатын тұтынушылар үшін 38,66 теңге, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар үшін 111,72 теңге болады.
Бұл өзгерістер 2025 жылғы 1 маусымда күшіне енуі мүмкін. Алайда жоба алдымен Табиғи монополияларды реттеу департаментінің сараптамасынан өтуге тиіс.

"Әпшу" сұрайды, омырауын береді, шашын алып тастайды": Қазақстандықтар балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына шағымданды
