Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тауық еті тағы 50-60 пайызға қымбаттайды – Сарапшы

Қазақстанда құс етінің құны тағы қымбаттады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. – 

Бір жылдың ішінде тауықтың бағасы 28 пайызға шарықтаған. Әсіресе сан мен төс еті айтарлықтай қымбаттаған.

Алматыдағы базарларда төс етінің бір келісі 1850 теңгеден сатылып жатыр. Өнімнің тоқтамай қымбаттауына құс фабрикаларының тығырыққа тірелуі себеп дейді Құс өсірушілер одағы. Өйткені тауықтың жемінен басқа шаруашылыққа қажет жабдықтары мен дәрі-дәрмектері шетелден келеді екен. Тіпті нарықтағы жағдайға төзе алмаған бес құс фабрикасы жабылып тыныпты. Ал сарапшылар келесі жылы құс еті тағы 90 пайызға қымбаттайды деп отыр.

Құс етінің құны қарапайым қарашаның қалтасынан қағып бастады. Әдетте арзан әрі қолжетімді тауық етінің бағасы жылдан-жылға шарықтап жатыр. Мысалға биыл тауық етінің бағасы Маңғыстау облысында 44 пайызға көтерілсе,  Ақтөбе, Павлодар облыстарында 35 пайыздан асқан. Алматыда да құс еті арзан емес.

Алматыдағы базарлардың бірінде құс етінің құны кем дегенде 200-300 теңгеге көтерілген. Мәселен, төс етініңбір келісі былтыр 1500 теңге деп тұрса, қазір 1850 теңге. Жаңа жыл сынды мейрам жақындаған сайын бағаның тағы қымбаттайтынын ескерсек, тауық еті тұрғындардың тісіне емес, түсіне кіретін сыңайлы.

Азғантай уақытта бағаның аспандап кеткенін саудагерлер де мойындап отыр. Өзі қымбат болып келетін тауардың үстіне тек 50-100 теңгеден қосып отырмыз дейді.

“Саны 1150 теңгеден. Оның бәрін көтере алмаймыз. Көтерсек, елдер жылайды. Міне, тауар мүлдем жоқ. Бермейді, келмейді. "Алель" бағасын тағы көтеріп жіберді. Былтырмен салыстырғанда 200-250 теңгеге көтерілді”, – дейді саудагер Ирина Қазақова.

Қазақстан құс өсірушілер одағы президентінің айтуынша, құс өсіруге қажет дәрі-дәрмек пен дәрумендер, одан қалса шаруашылыққа керек жабдықтардың бәрі шетелден әкелінеді екен. Тек тауыққа шашатын жемі ғана өзімізде шығады. Оның өзінде де бидайдың қазіргі бағасы шаруалардың қалтасын қағады деп шырылдап отыр. Осылайша, қымбатшылықтың қыспағына түскен жекеменшік 58 фабриканың он шақтысының жұмысы тоқтап қалған. Шарасыздықтан бес фабрика сатылымға шығарылды дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті.

“Біріншіден субсидия, кейін нарыққа қарау керек. Биыл жем көп, Ресейде де көп. Енді шаруалар шулап жатыр, бағаны көтермеңдер деп. Шамамен 120 деп сұрап отыр. Ал олар бізді ойламайды ғой. Ең арзан ет – тауық еті. Халық жейтін”, – дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов.

Ал сарапшылар құс етінің бағасы келесі жылы тағы 90 пайызға қымбаттайды деп отыр. Өйткені геосаяси жағдайға байланысты әлемде логистика мәселесі туып, минералды тыңайтқыштарды жер-жерге жеткізу қиындаған.

“Негізі құс етінің өзіндік құны жемге байланысты. Кәсіпорындар жемді қиынқыстауға сақтап қояды. Енді қазір басым бөлігінде сол жем қоры тауысылып жатыр. Егер бәрі бірдей жаңа жемге көшетін болса, құс етінің құны кем дегенде 50-60 пайызға бір-ақ көтеріледі. Келесі жылдың көктемінде биылғы бағадан 90 пайызға дейін шарықтайды деп ойлаймын”, – дейді сарапшы Кирил Павлов.

Жалпы жыл басынан бері елімізде 150 мың тоннаға жуық құс еті өндірілген. Отандық компаниялар ішкі нарықтың 71 пайызын қамтамасыз етсе де баға көңіл көншітпейді. Енді сарапшылардың болжамы дәл келсе, құс етінің құны мал етімен теңесетін сияқты.
 

Талқылау