Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда құрылыс материалдарының бағасы шарықтап кеткен

Елімізде баспанамен қоса құрылыс материалдарының бағасы да шарықтап барады. Әсіресе осы жылы сәуір айынан бастап баға 70 пайызға көтерілген. Үй салып бастағандар жоспарлаған қаражатымыздан екі есе шығындалып жатырмыз дейді. Ал экономист құрылыс заттарын өзімізде шығаратын зауыттарды көбейтсек қана мәселе шешілуі мүмкін екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

стройматериалы

Елдар Елікбаев құрылысты осы көктемде бастаған. Қажетті материалдарды алғашында басқа бағамен алса, кейіннен әлдеқайда қымбатқа сатып алыпты. Айтуынша, жоспарлаған сома еселеніп барады. 

"Сәуір айының басында біраз материал алдық, мысалы, 16 арматураны 450 теңгеден алғанбыз. Соның жетпегенін мамырда 650 теңгеден алдық. Сол 1 айдың ішінде 200 теңгеге қымбаттап тұр ғой", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Елдар Елікбаев. 

Ол аумағы 270 шаршы метр болатын үйді алғашында иесі 20 миллион теңгеге толығымен жоспарлағанын айтады. Алайда кейіннен біршама өзгерген. Енді баға дәл осылай қала беретін болса, екі қабатты баспананы толығымен салып біту үшін 35 миллион теңге қаражат жұмсалмақ. 

Саудагерлердің сөзінше, құрылыс материалдары карантин енгізілгеннен кейін қымбаттаған. Мәселен, темірдің құны бірден 70 пайызға шарықтаған. Цемент екі есеге өскен. Қызыл кірпіштің құны да қырық құбылып тұр. Бағаның өсуі кәсіпкерлерге байланысты емес екенін айтты. Материалдар өндірушіден шыққаннан кейін диллер арқылы келеді.      

"Цемент қымбат. Тоннасына 27 мың теңгеден болып жатыр. Келесі жолы 28 мың тонна болса, 50 теңге қабына қосады ғой. Мен де 50 теңге бағасына қосам. Білмеймін, енді қымбаттап жатыр бүкіл зат", – дейді сатушы Біржан Бегімбеков. 

Ал экономист Мақсат Халықтың айтуынша, мұндай үрдісті тоқтату қиынға соғады. Құрылыс материалдарының қымбаттауы былтырғы жылдың соңынан басталған. Оның себебі елде шет мемлекеттен келетін құрылыс заттарын алмастыратын зауыт-фабрикалардың аздығы. Оның үстіне арадағы делдалдар да бағаның өсуіне себепші дейді маман.   

"Ал үкімет индустрияландыру бағдарламалары арқылы әсерін тигізе алады. Бізде өзімізде импорттық тауарлардың орнын алмастыратын заттарды өндіру процессін жолға қою керекпіз. Сол кезде бағалардың өсімі қатты орын алмайды", – деді экономист Мақсат Халық. 

Маман құрылысқа қажетті заттардың қымбаттауы осымен тоқтайды дегенге сену қиын дейді. Себебі Ұлттық банк соңғы алты айда 3 триллион теңгеден астам ақша басып шығарған. Бұл да бағаның өсуіне әкеледі екен. Құрылыс материалдырын өзімізде өндіретін орындар көбеймей, мәселе толыққанды шешілмейді, дейді экономист. Ал құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Ералы Сауранбаев Қазақстанда шығарылатын құрылыс заттарының қымбаттауы – шетелден келетін шикізаттың бағасына байланысты дейді.

Дидар Халық
Бейсенбі, 08 Шілде, 2021 13:58
Талқылау