Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділердің саны артты: Он жұптың жетеуі лудоманияның кесірінен ажырасады

Қазақстанда құмар ойынға салынғандардың саны өсуде. Бүгінгі таңда елде 300 мыңнан астам лудоман бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

ойын

Ойынқұмарлардың бір жарым мыңға жуығы ғана тәуелділіктен өз еркімен бас тартуды жөн көрді. Ал мұндай бизнес иелері миллиардтаған табыс табады.

Осылай құмар ойынға салынғандардың бірі – Олег. Ол бес жыл бұрын букмекерлік компанияларда бәс тігуге қызығушылық таныта бастаған. Мұның бәрі ақша тапшылығынан басталса керек. Содан кейін ол онлайн-казиноға қызықты. Нәтижесінде ірі сомада қарызға батып, одан да көп мәселелер туындады.

“Жұмыста проблемалар туындап, несие мен қарызға баттым. Достарым менен теріс айналды, туыстарым да араласқысы келмейді”, – дейді лудоман Олег.

Жігіт бұл әрекеттен бас тартқысы келетінін айтады, бірақ ойнауға деген ұмтылысы басымдылық алған.

Сарапшылар елдегі ойыншылардың саны артқанын атап өтті. Тәуелділіктен құтылу оңай емес. Емдеу үш кезеңде өтеді.

“Бағдарламаның үш кезеңінде мотивация бойынша жұмыс жүреді. Бүгінгі таңда мұның нәтижесі – 25%. Яғни, шын мәнінде, бүкіл бағдарламаны толығымен аяқтаған әрбір төртінші пациенттің жақсы, тұрақты ремиссияда өмір сүру мүмкіндігі бар деп айта аламыз”, – дейді Республикалық психикалық денсаулық орталығы филиалының аға дәрігері Шайзат Тілеубаева.

Ойын бизнесі туралы заңда алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге құмар ойындар мен бәс тігуден шектеу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін ойын бизнесін ұйымдастырушының атына жазбаша өтініш беру керек. Олар оны индустрия және туризм комитетіне жібереді.

“Комитет жеке тұлғаны құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға болмайтын адамдардың тізіміне енгізеді. Тізім комитеттің ресми интернет-ресурсында жасырын бөлімде орналастырылады, оған тек ойын бизнесін ұйымдастырушылар ғана қол жеткізе алады. Ойын бизнесін ұйымдастырушыларға тізімдегі адамдармен құмар ойындар ұйымдастыруға тыйым салынады”, – деп мәлімдеді ҚР мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің ойын бизнесін үйлестіру басқармасының бас сарапшысы Руслан Едресов.

Бүгінде бір жарым мыңға жуық адам өз еркімен тәуелділіктен бас тартты. Ойыншылардың орташа жасы – 30-32 жас.

Өткен жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі сегіз жарым есеге артты. Қазақстандықтар 462 млрд теңгеге ойнаған. Депутаттар бұл тақырыпты бірнеше рет көтерді. Сонымен қатар, құмар ойындарды тарату және жарнамалау саласындағы заңнаманың орындалуын бақылауды күшейтуді талап етті.

Қазіргі таңда депутаттардың ұсыныстары ескерілген заң жобасы бар, алайда құжат әлі қабылданған жоқ. Сонымен қатар, Қазақстандағы 10 жұптың жетеуі құмар ойындарға байланысты ажырасады. Лудомандар көбінесе жағдайдан шығу үшін заң бұзады немесе бұл суицидке  әкеледі.

Талқылау