Қазақстанда курьердің атын жамылатын алаяқтар пайда болды
Қазақстанда алаяқтықтың тағы бір түрі пайда болды. Курьердің атын жамылатын айлакерлер SMS-код сұрап, тұрғындардың банк шотындағы ақшасына қол жеткізеді. Мамандар "сізге сыйлық немесе бір зат алып келдік" деген адамдарға сенбеу керек деп отыр. Заңгерлер қаражатынан айырылып, полицияға арыз түсіретін алданған жұрттың қарасы азаймай тұрғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Кейінгі жылдары курьер қызметі сұранысқа ие. Тұрғындар үйлерінен шықпай-ақ бір-біріне гүл, бағалы сыйлықтар мен өзге заттарды жібере береді. Бірақ курьердің барлығына сене беруге болмайды.
Шымкент тұрғыны Көркем Үсіпалиева сауда үйінен алған затын көрмей қабылдай салғанына өкініп жүр.
“Тапсырысты ашып қарасам, ішінде шашкептіргіш жоқ, бір қоқыс жатыр. Сөйтіп сатушыға хабарласып, тауарым қайда деп сұрадым. Сатушы маған мұнымен маркетплэйс айналысады, соларға хабарласыңыз деді. Хабарлысып, өтініш тастадым. Бірақ одан бері бір апта өтті. Ешкім кері байланыс жасамады. Сөйтіп 30 мың теңгем күйіп кетті”, – деді шымкенттік әйел.
Мәліметтерге сүйенсек, 30 мыңнан да көп қаражатынан айырылған азаматтар да бар. Себебі елімізде курьер атын жамылған алаяқтар көбейіп келеді. Олар “сізге сыйлық немесе зат беріп жіберді” деп алдап, телефонға келген SMS-кодты сұрайды. Сосын түрлі технологияның арқасында тапсырыс берушінің есепшотына кіру мүмкіндігіне ие болады.
Заңгер Венера Нұрғалиқызының айтуынша, курьер алаяқтар өз құрбанын әбден зерттейді.
“Карточканың артындағы үш санды сұрап отырып, карточкадан автоматты түрде ақшаны шешіп алады. Ол ақшаны кім алып, қалай шешіп алғанын алданған адам білмей қалып жатады. Интернет алаяқтар өте көп. Арыз жазып, шағымданған кезде де ол арыз-шағымнан ақша қайтарылып жатқаны да шамалы. Өйткені ол Ресей азаматтары болуы мүмкін. Оларды ұстау өте қиын”, – деді заңгер.
Мамандар код курьерден емес онлайн дүкен мен банктен ғана келуі керек екенін айтты. Сонымен қатар интернет алаяқтардың көбі – технологияны меңгерген шетелдік азаматтар. Бірақ олардан қолды болған қаржыны қайтару өте қиын. Сарапшылар ешкімге сенбеуге және мұқият болуға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті алаяқтардың желіде құрыққа түсіретін жаңа тәсіл ойлап тапқандарын айтып, ескерту жасағанын жаздық. Деректерге сенсек, олар өздерін “Кірістер комитетіненбіз” деп таныстырады екен.