Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қоршаған ортаны қатты ластайтын, шығыны көп көліктер “Сергек” арқылы анықталады

Қазақстанда қоршаған ортаны қатты ластайтын, шығыны көп көліктерді “Сергек” арқылы анықтайтын болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Фото: Depositphotos

Бұл туралы Алматы халқымен кездесуінде экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.

Министр бүгінде Алматының кіреберістеріне "Сергек" жүйесінің 21 бағанасы орнатылғанын, сонымен қатар 19 экопост жұмыс істеп тұрғанын еске салды. Олардың көмегімен газ шығарғыштары тым лас 15 мың көлікті анықталған. Жүргізушілер  жалпы сомасы 80 миллион теңге айыппұл төледі.

Министр Қазақстанда көлік бөлетін газдың көлемін автоматты түрде анықтау жүйесі енгізілетінін айтты.

"Қазір біз техникалық регламенттерге өзгертулер енгізу туралы бастама көтердік. Біз еуропалық стандарттарға сәйкес автокөлік шығарындылары арқылы ауаны ластайтын көліктердің санатын енгіземіз, сондай-ақ техникалық байқаудан өткен кезде әрбір автокөлікті шығарындылар деңгейіне қарай таңбалайтын боламыз. Барлық шығарындылар туралы ақпарат базаға енгізіліп, еуропалық стандарттарға сәйкес келмейтін көліктерді "Сергек" арқылы көретін боламыз. Олар автоматты түрде анықталып, көлік жүргізушілері айыппұл төлейді", - деп түсіндірді Серікқали Брекешев.

Министр сондай-ақ облыс әкімдіктеріне шығарылған газдары қоршаған ортаны ластайтын автокөліктердің қалаға кіруіне шектеу қоюға мүмкіндік берілгенін атап өтті. Тыйым салу критерийлерін жергілікті билік өздері белгілеуі керек.

Талқылау