Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинациялау қалай жүргізіледі

Елімізде келесі айдың бірінен бастап иммундауға жататын халықтың осал топтарына коронавирусқа қарсы вакцинация егу жұмыстары басталады. Қазіргі уақытта үш кезеңмен өтетін вакцинациялаудың алғашқы сатысында Ресейде шығарылатын Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қолданылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат басылымына сілтеп хабарлайды. 

Ол жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлеріне, санэпидқызмет мамандарына егіледі. Екінші кезеңде дәл сол вакцинаның Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген түрі жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарына, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандарына салынады.

2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық - QazCovid-In препаратын қосу жоспарланған. Осы ретте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтан медициналық ұйымдарда вакцинациялау қалай ұйымдастырылатынын сұрап білген едік.

"COVID-19-ға қарсы вакцинация емханалардағы жұмыс істеп тұрған егу пункттерінің базасында ұйымдастырылады. Бүгінгі күні КВИ-ға қарсы вакцинаның температуралық режимін ескере отырып, барлық медициналық ұйымдарда қажет етілетін салқын тізбекке (-18 С төмен) жағдай жасау бойынша шаралар қабылдануда. Медициналық ұйымдар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті айқындаған контингентке сәйкес вакцинациялауға жататын адамдардың тізімдерін айқындайды және жасайды. Осы тізімдердің негізінде вакцинациялауға жататын адамдар барлық карантиндік талаптарды: әлеуметтік қашықтық, маска тағу режимі және тағы басқа талаптарды сақтай отырып, екпе алуға шақырылады", - деді ол.

Сонымен қатар ресми өкіл еліміздің барлық медицина ұйымдарының республика тұрғындарын вакцинациялауға дайындығы жайлы мәліметтермен бөлісті.

"Бүгінгі күні өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары медициналық ұйымдардың дайындық жұмыстарын, атап айтқанда, вакцинаны тасымалдау үшін тоңазытқыш және мұздатқыш қондырғылармен және термоконтейнерлермен қамтамасыз ету сияқты жұмыстарды жүргізуде. Бұдан басқа, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкерлері "ҚР-да COVID-19-ға қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу" тақырыбында үш күндік вебинар ұйымдастырды және өткізді. Онлайн режимінде оқыту облыстық және қалалық деңгейдегі мамандар үшін жүргізілді, одан әрі "каскадты оқыту" форматында аудандық деңгейдегі мамандарды даярлау бойынша жұмыс жүргізілді. Оқыту аяқталғаннан кейін вакцинациялауға тартылған әрбір медицина қызметкері аттестаттаудан өтеді және даярлықтан өткені туралы куәлік алады", - деді Ержан Байтанаев.

Айта кетерлігі, Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз саналады. Дегенмен, вакцинация коронавирус індетінің алдын алудың бірден-бір жолы екені де белгілі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі отандық QazCovid-In препаратына үлкен үміт артатынын және вакцинаны тестілеу нәтижелі болса салдыратындығын кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында ашық айтқан болатын. Қазіргі уақытта отандық вакцина клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде.

Талқылау