Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда "Қолжетімді Интернет" ұлттық жобасына 1,5 триллион теңге жұмсалады

Үкімет "Қолжетімді Интернет" ұлттық жобасын бекітті. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.   

Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жаңа жоба қабылданды. Оның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту.

"Қолжетімді Интернет" ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңде жүзеге асады. Оны іске асыруға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат көзделген. Бұл соманың 1,3 трлн теңгеден астамы – бюджеттен тыс қаражат.

“Жоба аясында айтарлықтай қаражат сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салуға баса назар аударылмақ. Мәселен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр”, – деп мәлімдеді үкіметтің баспасөз қызметі.

Жалпы шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоғары интернет тартылады. Жекеменшік операторлар тарапынан инвестициялардың жалпы сомасы 92 млрд теңге болған жағдайда оның жартысын мемлекет күрделі шығындарға субсидиялар түрінде қайтарады.

Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу жоспарланған. Атап айтқанда, 487 антенна-діңгек құрылысын орнату жоспарланып отыр. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.

“Тағы бір бағыт 5G желісін одан әрі дамытуға арналады. Бүгінгі таңда 605 базалық станция орнатылған. 2025 жылдың соңына дейін 5G технологиясын республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының барлығына енгізу жоспарланып отыр. Осы жұмыс аясындағы байланыс операторларының инвестициялары шамамен 300 млрд теңге”, – деп хабарланды ведомствосында.

Ұлттық жоба аясында ірі деректер орталықтарын және трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдарды салу бойынша шаралар жоспарланған. Сондай-ақ республикаға жетекші халықаралық IT-компанияларды тарту үшін заңнаманы өзектендіру қажет.

Жалпы ұлттық жобаны іске асыру 2027 жылға дейін қазақстандықтарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100%-ға дейін жеткізуге және елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін цифрлық даму министрі Бағдат Мусин ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін Илон Масктың SpaceX ғарыш компаниясына жүгінуге мәжбүр болғанын айтқан еді. Министрдің сөзінше, SpaceX интернеті үшін ай сайын 200 доллар төлеу қажет. 

Талқылау