Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда көлік жеткізу қызметінің атын жамылып, жүргізушілерді алдайтын алаяқтар көбейді

Қазақстанда соңғы жылдары көлік жеткізу қызметінің атын жамылып, алаяқтық жасайтындардың саны көбейген. Алаяқтармен бетпе-бет келіп, көлігінен айырылғандар да жетерлік. Сөздерінше, автомобильді діттеген орынға уақытылы жеткізуге уәде беріп, сенімге кірген соң көлікті ұрлап кетеді екен. Алаяқтардың құрбаны болған Алматы тұрғыны Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, оқиғасымен бөлісті. 

автовоз

Мақсат Серікұлы (кейіпкердің есімі өзгертілген) – Алматы қаласының тұрғыны. Осыдан бірнеше ай бұрын ол Қарағанды қаласынан көлік сатып алған екен. Алайда көлікті Алматыға өз бетінше жеткізе алмаған соң көлік жеткізу қызметіне жүгінуге тура келіпті. 

"Көлік жеткізу қызметін ұсынатындар қомақты қаржы сұрайды. Мысалы, Шымкенттен Алматы қаласына дейін бір көлікті апару құны 150 мың теңгеден басталады. Сондықтан ғаламтор мен әлеуметтік желі арқылы арзанырақ нұсқалар іздей бастадым. Таныстарымнан да сұрастырып көрдім, бірақ олар ұсынған көлік жеткізушілердің барлығы бос болмады. Содан кейін әлеуметтік желіде ең арзан баға ұсынған адаммен келісуге тура келді", – дейді Мақсат Серікұлы. 

Мақсат сенімді болу үшін көлік жеткізушіден барлық құжаттарын талап етіпті. Ал қызмет ақысының жартысын келісім бойынша көліктің бұрынғы иесі төлеуі қажет болған. 

"Телефон арқылы сөйлескенде ешқандай күдік болмады. Мессенджермен өзінің құжаттарының суретін жіберді. Оның үстіне мұндай алаяқтардың бар екенінен де хабарсыз едім. Құжаттарының суретін жіберген соң сеніп қалдым. Ал көлігімнің бұрынғы иесі автомобильді көлік жеткізуші белгілеген орынға апарып, кілтін табыстапты. Қаржыны қолма-қол ақшамен төледі. "Бүгін-ертең жолға шығамыз" деп көлікті суретке түсіріп жіберді. Бірақ келесі күні хабарласқанда көліктері бұзылып, жолға шыға алмай қалғанын айтты", – дейді ол. 

Келесі күні көлік иесі қайта қоңырау шалғанда алаяқтар жолда келе жатқанын және байланыстың нашар екенін айтып, дұрыс сөйлеспеген. 

"Жолда байланыс нашар шығар деп алаңсыз жүре бердім. Алайда Алматыға жететін уақыт болғанда қайта қоңырау шалып едім, телефоны сөніп тұр екен. Тағы 1 күн күтейін деп ойладым. Алдап кетеді деген ой мүлде болмады. Сондықтан полицияға арыз жазбай, жауап бергенін күттім. Келесі күні де еш хабар болмаған соң құқық қорғау органдарына шағымдандым", – деп қосты ер адам.

Полиция арызды қабылдағанымен, қолдарында көліктің суретінен басқа ешқандай дәлел болмаған екен. Осы себепті көлікті іздеу шаралары созбалаңға салыныпты.

"Қаржыны қолма-қол алған соң чек те бермеген. Ал алаяқтың түрін көліктің бұрынғы иесі ғана көрді. Маған ұсынған құжаттардың барлығы жалған екен. Меніңше, бұл істің артында бірнеше адам тұр. Себебі көлікті жалғыз адам ұрлап, жасырып қоюы екіталай. Қазір көлігімнің қайда екені белгісіз", – дейді Мақсат. 

Көлікті ұрлап кеткен алаяқтар Мақсатқа мессенджер арқылы хат жазып, қомақты қаражат талап етіпті. Тек содан кейін көліктің қайда екенін айтатынын жеткізіпті. 

"Ақшаны алған соң да көлікті таба алмасым анық болды. Себебі шетелге шығарып жіберуі әбден мүмкін. Бәлкім, қосалқы бөлшек ретінде сатып жіберген де шығар. Мен секілді көлігінен айырылған адамдар жетерлік, әркімнің оқиғасы әртүрлі. Көлікті енді таба алмасым анық, дегенмен өзге жүргізушілер менің қателігімді қайталамаса екен деймін. Алаяқтар кез келген салада бар. Барлығына сене берудің қажеті жоқ.", – деп түйіндеді ол. 

Заңгер Альбина Бахтиярқызы дәл осындай жағдайға тап болған азаматтарға бірнеше кеңесін берді. Сөзінше, ешкіммен онлайн келісімшарт жасаспау керек. 

“Қазір өзге адамдардың немесе компаниялардың атынан шарт жасасатын адамдар өте көп. Сонымен қатар нарықта сенімді, ең болмағанда 1-2 жылдан астап жұмыс істейтін компанияға жүгінген абзал. Өйткені ұзақ уақыт көлік жеткізумен шұғылданатын компанияның клиенттері де көп болады, сәйкесінше олар жайлы көбірек ақпарат табуға мүмкіндік бар”, – деді заңгер. 

Альбина Бахтиярқызы шарт жасасқан кезде де тиісті тексерістерді жүргізуге кеңес берді. 

“Көп жағдайда шартқа қол қоятын жеке тұлға бұл компанияда жұмыс істемеуі мүмкін немесе ұқсас істері бойынша сот шешімдері болуы мүмкін. Не болмаса компанияның өзін де бір тексерген дұрыс. Дегенмен дәл сондай мәселеге тап болса, онда дереу полицияға жүгіну керек. Тек қылмыстық іс аясында ғана көлікті қайтаруға мүмкіндік бар”, – деп аяқтады заңгер. 

Талқылау