Мұхаммед пен Медина: Қазақтар балаларға қазақша есім беруді азайтып, арабша көбірек қоя бастады
2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда 368,7 мың бала дүниеге келді. Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда қыздарға – Айлин, ал ұлдарға – Мұхаммед есімі жиі қойылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәліметтерге сенсек, былтыр 190,2 мың – ұлдар, ал 178,5 мың – қыздар өмірге келген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда жаңа туған нәрестелер саны 5% азайды: ұлдар арасында 5,1%, қыздар арасында 4,9%.
Қыздарға ең көп қойылған есімдер Айлин (5,6 мың) мен Медина (5,5 мың) болды. Одан кейінгі орында Асылым (5 мың), Айша (4,5 мың) және Томирис (3,4 мың) есімдері тұр. Жалпы, 2024 жылы туған әр 1 000 қыздың 135-і осы бес есімнің бірін алды.
Ұлдар арасында ең танымал есім Мұхаммед болды: оны 3,7 мың бала иеленді. Ұқсас Мухаммад есімі үшінші орында (2,7 мың), ал 2014-2023 жылдары көш бастап тұрған Алихан есімі төртінші орынға түсті (2,7 мың). Алғашқы бестікке сонымен қатар Айсұлтан (2,9 мың) және Омар (2,5 мың) кірді. Қыздармен салыстырғанда, ұлдардың тек 76-сы ғана 1 000 нәрестенің ішінде осы танымал бес есімнің бірін алған.
Статистикада тек жазылуы бірдей есімдер ескеріліп, дыбысталуы ұқсас есімдер жеке қарастырылды. Соңғы он жылда ең танымал есімдер тізімі айтарлықтай тұрақты болды, әсіресе қыздар арасында.
Айлин есімі 2017 жылы, сондай-ақ 2019-2023 жылдары үздік бестікке кіргенімен, 2024 жылы ғана ең танымал атанды. Ал Медина есімі төрт жыл қатарынан бірінші орында тұрған соң, екінші орынға түсті. Бұл есімнің танымалдығы 2018 жылы Jah Khalib-тің "Медина" атты хитінен кейін күрт артты. 2015-2017 жылдары бұл есімді жылына 1,5-2 мың қыз алса, 2018 жылы олардың саны екі еседен аса көбейді. 2020-2023 жылдары Медина ең көп қойылған есім болды.
Бұдан он жыл бұрын қыздарға ең көп қойылған есім Айзере еді. Ол 2018 жылға дейін көш бастап, 2022 жылға дейін үздік ондықтан түспеді. Алайда 2022 жылы оның танымалдығы күрт төмендеп (жылына 41% азайған), 2023-2024 жылдары мүлде топ-10-ға кірмеді.
Ұлдар арасында 2024 жылы бірінші орынға шыққан Мұхаммед есімі тек 2023 жылы ғана ең танымал есімдер қатарына қосылды. Ал оған ұқсас Мухаммад есімі 2021 жылдан бері үздік ондықтың ішінде. 2015 жылдан бері үздік бестікте келе жатқан Айсұлтан есімі өз орнын сақтап қалды. Ал Омар соңғы үш жыл қатарынан топ-5-ке еніп келеді.
Қыз есімдерін таңдауда трендтер ұлдармен салыстырғанда әлдеқайда күшті әсер етеді. Мұның айқын мысалы – Медина есімінің хит ән шыққаннан кейін кенеттен танымал болуы.
2014-2024 жылдар аралығында Айзере есімі 50,5 мың қызға қойылды. Айша есімін 49 мың, Медина мен Раяна есімдерін 47,5 мың, ал Айлин есімін 44,5 мың қыз иеленді. Яғни, қазіргі кезде 10 жасқа толмаған 240 мыңға жуық қыз осы бес есімнің бірін иеленіп жүр.
Салыстыру үшін: ұлдар арасында ең танымал болған Алихан есімі кейінгі он жылда 42,3 мың нәрестеге қойылған. Одан кейінгі орында Айсұлтан (33,1 мың) және Нұрислам (29,1 мың) есімдері тұр. Топ-5-ке сонымен қатар Амир (25,2 мың) және Омар (17 мың) кірді. Жалпы алғанда, 10 жасқа толмаған ұлдар арасында ең көп таралған бес есімді иеленгендер саны 150 мыңға жетпейді. Бұл қыздар арасында ең танымал бес есімге ие балалар санынан әлдеқайда аз.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы Қазақстанда жаңа туған нәрестелерге қойылған танымал есімдердің рейтингі шықты. Салыстырмалы түрде есімдер айтарлықтай өзгерген. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ұлдарға арналған есімдердің ішінде көш басында Мұхаммед тұр. Ол 2014 жылдан бері рейтингтің басында келе жатқан Әлихан есімін бірінші позициядан түсіріп тастады. Бұрын топ онда болған Нұрислам есімі 2024 жылы тізімнен шықты.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
