Қазақстанда кімдерді үздік мұғалімдер деп таниды
Танымал қазақ әнінде айтылғандай, ғалым да, шахтер де бас иетін ұстазға әр адамның алғысы шексіз десек, артық айтқанымыз емес. Оқушының еліне адал қызмет ететін тұлға болып өсуіне ұстаз бірден бір себепші. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі мұғалімдер күніне орай “Жылдың үздік мұғалімі”, “Үздік авторлық бағдарлама” байқауларының жеңімпазы Сафура Темурбаевамен байланысып, мықты мұғалім болудың құпиясын, білім саласының кемшіліктері мен ұтымды тұстарын анықтады.
Сафура, сіз жыл көше үздік мұғалім атағын иемденіп келесіз, барлығы үлгі тұтар мұғалім болудың құпиясы неде? Мойныңызға артылған жауапкершіліктің ауыр салмағын жеңілдетуге не көмектеседі?
Ұстаздық мамандығы – кез келгенге бұйырмайтын сыбаға. Мұны әр мұғалім бақыт деп түсінгені абзал. Жалпы, мен өмірімде мансап қуып, алдыма үздік ұстаз атансам екен деген мақсат қойған емеспін. Бұл, менің ойымша, Тәңірдің тарту еткен нығметі. Жалпы, ұстаздық мамандығының барысында ұстаздан не талап етілді соны жасауға тырыстым. Барынша үлгі тұтар, ең мықты деген ұстаздардың игі бастамаларын қолдауды, солардың жолымен жүруді мақсат еттім. Қанипа Бітібаева, Рафика Бекенқызы Нұртазина сынды тамаша ұстаздарымыздың ұстаздық жолдағы ең бір ерекше қасиеттеріне, қабілеттеріне тамсана қарайтынмын. Көңілімде солардай болсам деген үміт оты лаулайтын.
Жыл мұғалімі байқауына 2000 жылдардың кезінде қатысқаным есімде. Адам сондай еңбектің жемісін көргенде қатты қуанып, қанаттанады екен. Осы байқаудан кез келген жағдайда бақ сынап көруді, жалпы ұстаздыққа қорқақтық деген қасиеттің жараспайтынын түсіндім.Тәуекелшіл болу керектігін ұқтым. Кез келген кәсіби байқау болса, одан бас тартқан емеспін. Өзім ғана қатысып қоймай, байқауларға шәкіртімді де қатыстыруды жоспарладым. Әр уақытта ұстаз еңбегі шәкіртімен бағаланады. Менің үздік педагог атануыма себепші болған — менің шәкірттерім. Мықты мұғалім ретінде танылуыма оқушыларым жол ашты десем, қателеспеймін. Өйткені, мені биікке көтерген өзім емес, шәкірттерім. Мен бала жүрегіне жол тауып қана осындай беделді дәрежеге жеттім деп ойлаймын. Әрбір жетістік, әрбір алған марапат, барлығының жауапкершілік жүгінің салмағын әр уақытта сеземін. Мен үшін жауапкершілік жүгі жыл көше арта түсті. Ел артқан сенім биігінен төмендемеуге, жалпы ұстаздық жолда ұстаз деген атқа кір келтірмеуге тырысып келе жатырмын.
Мен ұстаздық қызмет барысында Сынып жетекші, Жыл мұғалімі, Үздік Қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Авторлық бағдарламалар, Дарынды ұстазға – талантты шәкірт сынды көптеген байқауларға қатыстым. Әр байқаудың талап ережелері бір-біріне ұқсамайды. Бірнеше кезеңнен, әр кезең бірнеше шарттан тұрады. Әр байқау мені әр түрлі қырымнан сынға түсірді. Кемшіл түсіп жатқан тұстарымды шындады. Басым түсіп жатқан жақтарыммен қанаттанып оытрдым.
Байқауды жеңу үшін не істеу керек? Ұстаздың бойында қандай қасиеттер болу керек?
Ең алдымен, ұстаз байқауға қатысарда оның шартын, ережесін білуі тиіс. Мұғалім бойындағы басты қасиеттер, яғни табандылық, нақтылық, жауапкершілік, дәлділік, батылдық, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білу — сайыста үлкен рөл атқарады. Қатысушы дер кезінде қажетті нәрсені айту, ауытқымау дегенді басты қағидада ұстау керек деп ойлаймын. Әрбір қатысушы өз биігінен төмен түспеуді ойлап, сайысқа түсіп тұрған өзге мұғалімдерді, әділқазыларды, көрермендерді де жат көрмеуі керек.
Бір түсінгенім, байқауда ұстаз өз мамандығын, пәнін, әдістемені жетік білуі керек. Сондай-ақ, өз кәсібінде, шәкірт тәрбиелеуде жеткен жетістіктерін көрсетсе, сол жерде қойылған кез келген ситуациялық сұрақтарға нақты шынайы жауап берсе, шешендігін танытып, сахнада өз-өзін ұстай алса, жеңіске жетеді. Жалпы, байқау ұстаздан жан-жақтылықты талап етеді. Бір жақты нәрсе ғана қажет десек, артық айтқанымыз. Бір қырынан қаралатын жарыс болмайды. Әр байқаудан шама шарқым жеткенше өз-өзіме есеп есеп беріп, түйіндеме жасап отырдым. Өзімнен оза шапқан әріптесімді көріп таңдандым. Өзім де сондай болуға тырысып, қателіктерімді жөндедім. Біліп жатқан тұстарым көңіліме демеу берді, шабыттандырды.
Мен байқауда мықтылармен, шеберлермен күш сынастым. Сайыстар бәрімізді бірдей шындады, үйретті, ұстаздық жолда болаттай қайнап шынығуымызға ықпалын тигізді десем артық айтқандық емес. Жалпы адамға өз-өзіне есеп беру үшін байқау керек деп ойлаймын. Әрине, өмір заңы болған соң, өмірдің бәрі жеңістен тұра бермейді. Менің де жеңілген сәттерім болды. Бірақ мойымадым, өз қателіктерімді түсіндім. Болашақта онымен жұмыс жасап келесі байқауға ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың тілімен айтқанда «сүрінсек те алға ұмтылып, алға қарай жылжуды» мақсат тұттым. Өмір жолындағы жеңілістің өзі жеңіске жетеледі десем болады. Кез келген қатысушы өз-өзіне есеп берсе, осал тұстарын мойындап, алдағы байқауда кеткен қателіктерді жібермей еселесе, оның алға деген ұмтылысы артады. Жас мамандар сайыстарға қатысудан жалықпаса, шегінбесе қорықпаса екен. Ұстаз әлсіздік, осалдық танытса, бала тәуекелшіл болмайды. Мұғалім басты қажеттіліктерді білсе, ол сөзсіз жеңіс тұғырынан көрінері анық.
Мектепте кейбір оқушылардың бір бөлігі математика, физика сынды пәндерден, ал екінші бөлігі гуманитарлы бағытағы пәндерді, тіл мен әдебиетті оқудан қиналады. Балаға пәнді дұрыс түсіндіру үшін қандай әдістерді қолданасыз?
Расында, қазіргі таңда қала мектептеріндегі балалардың басым көпшілігі физика-математиканы, техникалық сабақтарды көптеп таңдап жатады. Заманына қарай деп таңдайтын шығар осы пәндерді. Біз баланың шешіміне кедергі келтірмейміз, десе де ана тілін дәріптейтін, қадірін түсінетін шәкірттерді тәрбиелеу қажетпіз. Алайда, ең алдымен тәрбиелеуді қажет дегеннен бұрын ана тілімізді дамыту керек деп айтар едім. Мұғалім сабақты дәстүрлі әдістен бөлек, түрлі тренингтерді, ақпараттық технологияларды қолданып, әсерлі өткізсе, баланың пәнге деген қызуғышылығы арта түсетіні сөзсіз. Осы мақсатта мен жұмыс жасай келе, өлеңге, мақала жазуға қабілеті бар шәкірттерімді топтастырдым. Оларға жекелеп тапсырмалар бере отырып, шығармашылық топ құрап, өзара іштей жарыстар ұйымдастырамын. Кейде бала жарыстардың өтіп жатқанын сезбейді. 40 минуттық бір сабағымның өзі балаға қызықты, сапалы, әсерлі өтсе, ол ана тілінің қадір қасиетін түсінсе, оның осы пәнге деген қызығушылығы оянады.
Осыдан 10 жыл бұрын білім алған балалар қандай еді? Қазіргі балалар қандай?
Он жыл бұрын білім алған балалар мен әрине қазіргі балалардың айырмашылығы бар. Ол кездегі білім реформасы мен қазіргіні салыстыруға келмейді. Жылдан-жылға біз өркениетті елдердің қатарына ену мақсатында, білім беруде барлық инновациялық әдістерді, ең озық технологияларды қолданып жатырмыз. Қазіргі балалар жан-жақты, мобильді. Олар кез келген ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгерген, заманауи технологиялармен жұмыс істей алады. Біз сайт, Whatsapp, қоғамдық желілер арқылы, олармен тамаша бір ортақ тақырыпты талдап сөйлесе аламыз.
Сабақтарда интерактивті тақталарды қолданамыз. Әріптестік, ынтымақтастықта жұмыс жасауда Lesson study әдісі бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі балалардың дамуында ерекше мүмкіндіктер бар. Олардың жан-жақты болып қалыптасуына барлық жағдайлар жасалып жатыр. Бұл 10 жыл бұрынғы балалардың білімі нашар дегенді білдірмейді. Ол кезде де жасалған мүмкіндіктер сол уақытқа, талапқа сәйкес болды. Мен білім саласы еш уақытта ескерусіз қалмағандығын баса айтқым келеді. Өзім ұстаздық қызметте 20 жылдан астам жұмыс істеп келе жатырмын. Ұстаздық мамандықты бекер таңдаппын дегенді ауызға алмаппын. Алдағы уақытта да алмаймын деген үміттемін. Олай дейтінімнің басты себебі — шәкіртімнің әрбір жетістігі, жеңісі. Олардың бір сабақтың үстіндегі ізденістері мені шабыттандырады.
Мен үшін әр жыл ерекше, әр жыл құнды. Әр жылдың шәкірті, түлегі ерекше. Бұрын оқушыларымыз емтихан тапсырса, қазіргі балалар ҰБТ-дан өтіп, грант иеленіп жатыр. Мұның өзі олардың бір-бірінен ерекшелігін білдіреді. Баланың қандай тұлға болып өсуі 10 жыл бұрын да, қазір де өзіне, санасына байланысты. Қазақ бекер айтпаған ғой, “Бала берсең, сана бер” деп. 10 жыл бұрын оқыған бала да, қазір де оқимын деген бала оқиды, оқымаймын деген бала өз тағдырын өзі жасайды. Ұстаз, ата-ана тарапынан балаларға барлық жағдайлар жасалуда. Сондықтан әр заманына сай шәкірт шықты. Енді алдағы шәкірттерімізге тек қана мықты, жақсы, ел тәуелсіздігін нық, берік ұстайтын шәкірт болуын тілейміз әрі сол жолда аянбай еңбектене береміз.
Қазақстанда 2020 жылға дейін 100 мың маманды дайындау керектігі айтылды. Бірақ түлектердің көбісі ұстаздық мамандығын жалақысы аз әрі жұмысы ауыр болған соң, таңдағысы келмейді. Ұстаздардың санын көбейтіп, оқушылар осы мамандықты таңдау үшін не істеу керек, қандай мотивация берген дұрыс?
Осы орайда, менің қол жеткізген жетістігім бар деп айтсам болады. Мен алдыма әр оқу жылын бітірген шәкірттерімнен жоқ дегенде бір-екеуі қазақ тілі әдебиеті пәні мамандығына түссе деген мақсат қойдым. Бір жылда 30 оқушы бітірсе, соның біреуі жоқ дегенде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсіп жатса, бұл мен үшін үлкен қуаныш. Әр жыл сайын кем дегенде бір, көп дегенде үш шәкіртім осы саланы таңдап жатады. Оқушыларыммен әлі күнге дейін күдер үзбеймін, хабарласып тұрамын. Олардың болашақта тамаша ұстаз болатынына сенемін. Ұстаздық жолда тек жетістік тілеймін. Бәлкім, мен тек қана олардың таңдауына бағыт-бағдар берген шығармын. Оқушымның табиғатында қазақ тілі мен әдебиетіне деген бейімділік болған шығар. Мен сол ұшқынның жалынға айналуына ықпал еттім деп айталамын. Сол бір тамаша тылсым таланттың оянуына өзім керекті әдістерді қолданып, жеке жұмыс жасау арқылы баланың адаспай, өзіне ұнайтын мамандығын таңдауына ықпалдастық еттім. Соған өте қатты қуанамын. Осы шәкірттеріме сенемін.
“Бір әріп үйреткенге 40 жыл сәлем бер” деген тамаша даналық сөз бар. “Алты алаштың басы қосылғанда төрдегі орын ұстаздыкі” деген пікір бар. Ұстаз болуға ұмтылыңдар! деп әрқашанда мен өз түлектеріме айтып отырамын. Өз таңдауларыңда жаңылмаңдар деймін. Алайда, оларды міндеттеу, қысым көрсету өз тарапымнан болған емес.
Дәл қазіргі уақытта ұстаздарға барлық жағдай жасалды. Мектепке алғаш келген жас маманға да, қазір ерекше қараймыз. Оларға да мемлекет тарапынан тамаша қолдаулар бар. Мұғалім мықты болса, өзінің жан-жақты біліктігімен көзге түссе, теориялық біліміне сенсе, кез келген уақытта білімін жетілдіріп, ары қарай өзінің жалақысына үстемақы қоса алады. Жұмыс істеген жылдарының өтілі аз болса да, кез келген уақытта ол аттестациядан өтіп, педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-модератор лауазымдардың шартына байланысты өз жалақысына жалақы қоса алады.
Мұндай мүмкіндік бұрын сонды ұстаздарға берілмеген. Қазіргі таңда расында да, мұғалімдердің жалақысы жақсы жоғарылады деуге болады. Жұмысы ауыр деген мәселеге қатысты өз пікірімді білдіргім келіп тұр. Өзім мұғалім жұмысты тиімді, дұрыс, уақытында орындаса, бәлкім оның ауырлығын сезбес пе еді деп ойлаймын. Кез келген салада өзіндік ерекшелігіне байланысты қиындықтар болады. Өзім де жас маман болдым. Сол кезде менің алатын ақшам аз болса да, жалақыға жұмыс істедім деп айта алмаймын. Ұстаздықты ақша табатын мамандық деп есептеген емеспін. Әйтеуір бойымда мамандығыма деген бір қызығушылық ерекше сүйіспеншілік болатын. Жұмысы ауыр деп қағазбастылықты айтып жатамыз. Оның бәрі, қағазбастылықтың өзі сайып келгенде, жұмысымызға қажеттіліктен туындап отыр. Ол – бізден сұралып отырған есеп. Оны жасай отырып біз өз-өзімізге есеп береміз. Жұмысымыз ауыр дегенді айтпастан бұрын бізден де ауыр жұмыс жасайтындар бар екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Жақсы ұстаз болсаң, саған барлық мүмкіндіктердің жолы ашылады. Іскер ұстаз болсаң, сен өз ісіңмен, шеберлігіңмен әріптестеріңнің алдында беделді боласың.
3 баланың анасысыз. Сіздің пікіріңізше, бала тәрбиесінде басты рөлді мектеп атқара ма, әлде ата-ана ма?
Сөз жоқ, бала тәрбиесінде басты рөлді атқаратын – ата-ана, одан кейін мектеп. Өйткені, қазіргі таңда ата-ана күйбелең тірлікпен сананы тұрмыс билеген заманда өз кәсібін айналдырып, қызметте жүреді. Бала көп жағдайда мектепте табылады. Осы орайда ұстаздарымыз аянбай еңбек етіп, білім беріп жатыр. Өзім үш баланың анасымын, өзгенің баласын тәрбиелеуде жан-жүрегіммен берілемін, қызмет жасаймын. Менің балам да сол ұстаздардан тәлім алып жатыр. Әр уақытта шәкірттерді тәрбиелеу барысында өз балаларымды солардан көріп тұрамын. Солардың жанарынан, жүрегінен сеземін. Әр шәкіртімді өз баламдай көремін. Барлық ұстаз өз шәкіртіне еш жамандық ойламайды. Өйткені, ұстаз — оқушының екінші анасы. Сондықтан, әрине үйде отбасында өз ата-анасы, екінші жақта мектептегі ұстаз анасы біте қайнасып, бірге бірлікте жұмыс жасап отырса, нағыз жеке тұлға қалыптасатыны сөзсіз. Үш баланың анасы ретінде бала тәрбиесінде басты рөлді мен ғана емес, мектеп және менің балаларымның ұстаздары атқарып отыр деп айтар едім. Жалпы, өзім разымын. Үш баламның ұстаздарына шексіз алғыс айтқым келеді.
Бірінші сыныпқа барған кішкентай қызымның “апайым солай айтты”, “ұстаз солай деді”, “ол былай түсіндірді” деп түйіндеуі мені қуантады. Оның ұстаздық қызметті биікке қойып қойғаны менің көңіліме ерекше сезім ұялатады. Әр уақытта ең алдымен, «Ұстаз – ата-ана -үштігі» бірлікте болса, біте қайнап жұмыс істесе, бала тәрбиесі жаман болады деп айтпаймын. Одан нағыз мықты жеке тұлға қалыптасады. Демек, басты рөлді атқаратын бала тәрбиесінде ең алдымен өзі, ата-анасы, ұстазы.
Ұстаз өзгенің баласын тәрбиелеп, өз баласына уақыт таппайды деген де пікір бар. Осымен келісесіз бе?
Расында да, cолай болып жатады. Келісемін. Мен өзімнің шәкірттерімді өзгенің баласы деп қарамаймын. Басқа ұстаздар да солай. Бұл толыққанды ұстазға баланың тәрбиесін арта салуды білдірмейді. Өйткені, мен үйге келгенде ұстаз рөлінен бөлініп шығамын, ана рөліне енемін. Барынша ана образында ерекше мейіріммен қарауға, дастарқан басында шүйіркелесіп бір әңгіме айтып, сөйлесіп, тілдесіп, сырласып, көңіл күйлерін сұрап, біте қайнаса отбасылық тамаша аурада өмір сүруге, қолайлы орта қалыптастыруға тырысамын. Енді бұл бір жақты пікір десем, осыны жоққа шығарған болып қалармын. Десе де, нағыз мұғалім оқушысына өзімнің балам деп қараса, ол өз үйіндегі баласына да аналық махаббатын аямайды. Айтқым келгені, біз шәкіртімізге де, туған балаларымызға да, мейірім мен шапағатымызды аямау керекпіз.
Барлығына уақыт табу қажет. Өйткені, біз ақпараттық технологиялары дамып кеткен мейірімге тапшы заманда өмір сүрудеміз. Балалардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларға деген тәуелділігі артып келеді. Осы бір күшті отбасындағы шүйіркелескен әңгіме, тілдесу, ата-анамен бала арасындағы ерекше махаббат жеңеді. Осы бір үйлесімді жоғалтып алмау үшін күнделікті баламен пікірлесіп, тілдесу керек. Ұстаз болған соң, тәлім тәрбие, болашақ тұлға болып қалыптасу туралы сөз еткенде өз баламыздан бастау керек. Барлығына уақыт табуға тырысып жатамыз. Енді өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. “Әттең-ай бәрін істеп үлгермедім” дейтін кездеріміз де жоқ емес. Бірақ, оның орнын толтырамыз, жексенбіде, мерекелік күндерде балаларға базарлық жасап, көңілін көтеріп, тамаша, есте қалатын күндерді ұйымдастырамыз. Балаларымның өмір жолында еске алатын күндері көп болса екен деп тырысамын. Әр уақытта шәкірттерім де, өз балаларым да жақсы азамат болса екен деп өз күшімді салып келе жатырмын.
Баланың дәптерін тексереміз. Бағалау мәселесіне келсек, оған арнайы уақыт бөлемін деп айта алмаймын. Себебі, жылдам әрі баланың жұмысын оқи отырып, тамаша әлемге енгеннен кейін бе, уақытты санамаппын, онымен санаспаппын да. Соңғы уақытта өздеріңіз білесіздер бағалаудың тамаша тәсілдері бар. Жазылым әрекеті де ерекше жүзеге асады. Балалар тіпті бір-бірін өздері тексеріп бағалап тастайтын кездер де болады. Инновациялық технологияларды қолдану барысында біздің талай жылғы жұмысымыздың жеңіл әдістерін меңгеріп жатырмыз. Сондықтан да, мен дәптер тексеруге ұзақ уақыт бөлемін деп айта алмаймын. Бұл дәптер тексерілмей қалады деген сөз емес. Жазылым міндетті түрде жүзеге асырылады әрі ол дер кезінде, ерекше шабытпен тексеріледі. Керібайланыс сапалы жүрген сайын баланың оқуға, білуге деген құштарлығы оянады.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Шымкенттік кәсіпкер Айгүл Орынбекті 10 миллион теңгеге алдап кетті деп айыптады: Бұл оқиға немен аяқталды?
