Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда киім мен аяқ киім АҚШ, Жапония және Канадаға қарағанда қымбатырақ болып шықты

Фото: pixabay.com

Қазақстанда киім мен аяқкиім бағасы АҚШ, Жапония, Канада сияқты дамыған елдерден де қымбат. Numbeo аналитиктері әртүрлі елдердегі нарықтағы тауарлардың орташа бағасын салыстырып, осындай шешімге келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда киім мен аяқкиімнің құны бірқатар елдерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл премиум сегментке емес, ең танымал бюджеттік брендтерге қатысты.

Халықаралық статистикаға сәйкес, белгілі брендтердің тиімді бағадағы джинсылары Қазақстанда орта есеппен 30 мың теңгеден асады. Бұл АҚШ, Жапония және Қытайдағы бағадан қымбат. Сондай-ақ көйлек, кроссовка және ерлер туфлиінің де құны АҚШ, Канада, Қытай, Жапония және Кореямен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Сарапшылардың айтуынша, импорттық киім мен аяқкиімнің қымбат болуына логистика, кедендік төлемдер және сауда үстемелері әсер етеді. Импорт көлемі үлкен болғанымен, бұл бағаның арзандауына әлі ықпал еткен жоқ.

“Импортпен келетін тауарға міндетті түрде кедендік төлемдер мен салықтар қосылады. Оның бәрі тауардың түпкі бағасына әсер ететін шығындар. Оған қоса, импорттық киім шетел валютасымен бағаланады. Ал ұлттық валютаның әлсіздігі тауардың құнын одан әрі қымбаттатады”, – деді экономист Арман Бейсенбаев.

Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының мәліметінше, отандық брендтер нарықтың аз ғана бөлігін қамтиды, яғни шамамен 5-6%. Бағаларды тұрақтандыру үшін жергілікті өндірісті дамыту қажет дейді.

“Елдің қауіпсіздігі үшін нарықтың кемінде 30%-ын өз өндірісіміз қамтамасыз етуі тиіс. Синтетикалық маталар шығару бойынша әлеует бар, бірақ нарық көлемі шағын болғандықтан, жеке инвесторлар бұл салаға кіре бермейді. Мұнда мемлекет қолдауы маңызды”, – деді Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының мүшесі Инна Апенко.

Қазір киім-кешекке жұмсалатын шығындар отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Сарапшылардың пікірінше, жағдайды өзгерту үшін нақты шаралар қажет. Отандық өндірісті дамыту, логистиканы оңтайландыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейту сынды шараларды қолға алған жөн. .

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 09:32