Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кейбір банктер ипотека беруді тоқтатты

Фото: Stan.kz

Қазақстанның кейбір банктері қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға арналған ипотекалық қарыздар бойынша өтініштерді қабылдауды уақытша тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Krisha.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Банк операторлары жағдайды бақылап, ақпаратты кейінірек нақтылауға кеңес берді.

Қазақстанда ипотекалық қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті көлемін 25%-дан 20%-ға дейін төмендету туралы талап күшіне енді. Бұл талап тек коммерциялық банктерге қатысты. "Отбасы банкінде" бөлек мөлшерлеме жүйесі қолданылады.

Қайталама тұрғын үйге ипотекалық өтініштер қабылдауды тоқтатқан банктер қатарында: Halyk Bank, Банк ЦентрКредит және Freedom Bank Kazakhstan бар. Аталған банктер қай уақытта және қандай шарттармен өтініштерді қайта қабылдайтынын нақты айта алмады, қосымша ақпаратты кейін банкпен нақтылау қажет екенін жеткізді.

Қазір бұл банктер бастапқы тұрғын үйге ғана несие беріп отыр, оның өзі барлық құрылыс компанияларымен емес, тек жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20%-дан аспайтын әріптес құрылысшылармен жұмыс істейді.

Сонымен қатар Altyn және Нұрбанкте қайталама тұрғын үйге ипотека ресімдеуге болады, деп сендірді олардың операторлары. Қазір бұл банктер өтініштерді қабылдап жатыр. Altyn банкінде алғашқы және қайталама тұрғын үйлер бойынша да өтініштер қабылданатыны айтылды. Ал Нұрбанк тек қайталама нарықтағы тұрғын үймен жұмыс істейтінін хабарлады.


Қазақстанда үлескерлер құқығын бұзған құрылыс салушылар қомақты айыппұл арқалайды


Қазақстанда пәтерді қолма-қол ақшамен сатып алуға тыйым салынды – Сенат заң жобасын бекітті


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда енді пәтерді салықсыз сату үшін енді бір емес, екі жыл күту керек екенін жазған едік. Бұл талап тұрғын үйге, саяжай құрылыстарына, гараждар мен автотұрақ орындарына, жеке қосалқы шаруашылық нысандарына, сондай-ақ саяжай және жеке тұрғын үй құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша немесе гараж салу үшін берілген жер телімдеріне қатысты. Қалған жылжымайтын мүлікті сатқанда иелену мерзіміне қарамастан, салық төлеу қажет. Мысалы, азамат жеке тұрғын үйді 20 миллион теңгеге сатып алып, оны бір жылдан кем уақыт ішінде 25 миллион теңгеге сатса, 5 миллион теңге "пайдадан" 10% көлемінде салық төлеуге тиіс. Бұл жағдайда жеке табыс салығының көлемі – 500 мың теңге.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 16:57
Талқылау