Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қазіргі жасөспірімдердің ерте жыныстық жетілуінің себебі неде?

Бірнеше күн бұрын желідегі топтардың бірінде сексуалдық мазмұндағы оғаш видео пайда болды. Аталған видеода кішкене бүлдіршін бойжеткеннің қойнына қолын салып, омырауын ұстатуды өтінеді. Бүлдіршін де, бойжеткен де – қазақ. Бұл көрініске қатысты әлеуметтік желілерде түрлі пікір жазылған-ды. Алайда белгісіз себептермен инстаграм желісіндегі топ жойылған.

епепеп

Видеоның өшірілгеніне қарамастан, Stan.kz тілшісі жасөспірімдердің ерте жыныстық жетілуі тықырыбында психолог маман Гүлжан Амангелдіқызынан әңгіме-сұхбат алуды жөн көрді. Себебі, мұндай жағдай елімізде бірінші рет болып отырған жоқ.

– Балаларда жыныстық жетілу қай кезден басталады?

– Физиологиясы бойынша қыздарда жыныстық жетілу 8 жастан басталады. Мұны дайындық кезеңі деп те атауға болады. Ал 12 жасында ол толық жетіліп, етеккірі келе бастайды. Бірақ етеккірдің ерте немесе кеш келетін кездерінің болатындығын есте сақтауымыз керек. Жыныстық жетілуге тұқымқуалаушылықтың да әсері бар. Мысалы, әкесінде немесе шешесінде ерте жыныстық жетілу болса, мұның 50%-ы балаларына беріледі.

Кейде баланың эмоционалдық дамуы артта қалып қояды.Яғни дене пішіні мен дауысы өзгереді. Бірақ сана-сезімі артта қалып қояды. Мысалы, 15 жастағы қызды алайық. Дене пішіні толығымен жетіліп, етеккірі уақытымен келіп жатыр. Алайда саналы түрде жыныстық жетілуге дайын емес. Әдетте ата-анасы мәпелеп, өмірдің тек жақсы жағын көрсетуге тырысқан қыздарда осындай үрдіс жүзеге асады. Ол порнографиялық фильмдер көрген кезде шошынып қалады. Оның үстіне порнографиялық фильмдер эротикаға қарағанда ауыр. Өйткені ол жерде сексуалдық қарым-қатынас толығымен көрсетіледі.

– Қазақы менталитетімізді ескеріп, балалармен немесе жасөспірімдермен бұл тақырыпта неше жасында сөйлескеніміз дұрыс?

– Әрине, өзімізге ғана тән қазақы болмысымызды түсінемін. Біздің ата-аналар өмірде көп нәрсе көрсе де, сол туралы ашық сөйлесуге қымсынады. Іштей “Бұл менің де басымнан өткен. Бірақ әке-шешем менімен бұл туралы сөйлеспеді. Мен де тіс жармауым керек. Барлығы өздігінен жүзеге асады” деп ойлайды. Шын мәнінде, сексуалдық тәрбие бала ана құрсағына түскен сәттен басталады. Кішкене бөбектің сезімі бар. Ары қарай бұл тәрбие оны гигиенаға үйретумен жалғасады. Физиологиялық тұрғыдан нәрестелерде де жыныстық мүшесі қозады. Әсіресе, ұлдарда жақсы көрініс табады. Олардың өзіндік фантазиясы бар. Түс көреді. Ал қандай түс көріп жатқанын ешкім білмейді.

Егер ата-ана өзінің ішкі ойларынан қорықпай осының барлығын бақылайтын болса, сәбидің жыныс мүшесінің қозуын анық көреді. Әрине, балаларда сексуалдық көзқарас нақты бір объектіде болмайды. Мысалы, мынау еркек, анау әйел деп бөлмейді. Нәресте құлағын қасыған кезде ләззат алады. Осының барлығы сексуалдық тәрбиеге алып келеді. Бізде қатып қалған салт-дәстүрлеріміз бар. Ата-аналар мұндайды байқаудан қорқады. “Жоқ, құрсын” деп өзін ұрысып тастайды. Шын мәнінде, жыныстық жетілу осы кезден басталады. Бала бір-екі жасқа келгенде “Ана, мен қызбын ба? Ұлмын ба?” деп сұрайды. Әдетте бұл сұрақтарына “Сені бізге Алла берді”, “Сен шанадан түсіп қалдың” деген жауап алады. Түрлі “аңыз-ертегілер” айтылады.

– Сонда кішкене бүлдіршіндердің өзіне шындықты айтуымыз керек пе?

– Балаға жасы мен сұрағына лайық жауап беруіміз керек. Жоғарыдағы шана секілді әңгімелер айтылған кезде, бала өзін бөтен адам ретінде қабылдайды. Мұнымен қатар, ертең осы балалар өтірікті қайдан үйренді екен деп отырамыз. Оларға өтірік айтуды өзіміз үйретеміз. Қарапайым мысал келтірейін. Кейде нәрестенің тоқтаусыз жылайтын кездері болады. Әдетте сұрай келе нәресте жыламас бұрын, үйде ұрыс-керістің болғаны анықталады. Анасын енесі ренжітіп, ол бұл туралы жолдасына айта алмауы мүмкін. Анасы ішінде ыза мен ашудың кернеп тұрғанына қарамастан, баласын тынышталдыруға тырысады. Бәрінің жақсы екенін айтады. Өтірік айту осыдан басталады.

Бала қалай пайда болғаны туралы сұраса, “іштен” деп бір айтып көрсін. Егер “Ішке қалай түсті?” деп жалғасын сұрамаса, осы жерден тоқтау керек. Дәл қазір оған сіздің жауабыңыз жеткілікті. Әр ата-ана өзінің баласын жақсы біледі. Сондықтан дұрыс ақпаратты жасына сай жеңілдетіп бере білу керек. Әрине, отырып алып анатомияны айтып, тереңдеп кетудің де қажеті жоқ. Ата-ана дайын болмаса, баланың да дайын еместігі анық. Ал бала есейген кезде ақпаратты суреттерімен бірге түрлі энциклопедиядан көрсетуіңізге болады. Қарым-қатынас жақсы болған жағдайда, бала қорықпай келіп сұрайды. Қыз бен ұлдың айырмашылықтарын түсінуге тырысады.

Осындайда ата-ана “Бұл – жаман. Мұндай ақпаратты қайдан тауып аласың?” деп ұрысып тастаса, ол екінші рет сұрақ қоймайтын болады. Сұрақтарының жауапсыз қалатынын білгендіктен, ақпаратты балабақшадан немесе мектептен алуға көшеде. Ал мұның барлығын бірге отырып талқылайтын болса, ата-ана баласының қалай дамып келе жатқанын біліп отырады. Өйткені, біз ешуақытта балабақшадағы немесе мектептегі баланың үйінде қандай тәрбие алғанын білмейміз. Бәлкім үйіндегі ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылық туралы сіздің балаңызға айтатын шығар? Мұның барлығы – рөлдік ойын. Бала үйден және сырттан көргенін қайталайды.

14800763_10157742519030599_1833952733_n

– Баласының порнографиялық фильм көріп отырғанын көрген ата-ана қандай мінез-құлық танытуы тиіс?

– Ең бірінші кезекте мұны қалай көре бастағанын анықтау керек. Себебі, адам өздігінен барып порнографиялық фильмдер көрмейді. Бәлкім үйіндегі жасы үлкендердің көріп отырғанын байқап қалған шығар. Кейін сол фильмге қатысты баланың пікірін сұрау керек. Қазір екі жастағы баланың өзі интернетті қолдануды біледі. Сондықтан оған планшет немесе телефон ұстатар кезде мұқият болыңыздар. Яғни мұндайда баланы ұрыспай, керісінше зерттей түсу қажет. Орыстар “Запретный плод сладкий” деп бекер айтпайды. Ұрысқан сайын ол алшақтап, ертең тығылып көретін болады. Көп ата-ана “өзіме өзім психологпын” деген қағиданы ұстанады. Алайда маманның көмегі артық болмайды.

– Қандай дәрежеде екенін нақты айта алмаймын. Бірақ Қазақстанда мұндай сайттар бұғатталған. Осының барлығы жасөспірімдер мен балалардың порнографиялық фильмдерге деген қызығушылығын жоюға көмектесе ме?

– Әрине, мемлекет бойынша тыйым салынуы керек. Бұл – үлкен институттың жұмысы. Кіші институт ол – отбасы. Бала тәрбиені осы кіші институттан алады. Ал кіші институт тәрбиені үлкен институттан алады. Барлығы бір-бірімен өзара байланысты. Менің ойымша, мұндайда баланы басқа нәрсеге қызықтыру керек. Қазір ән, би, шахмат сынды түрлі үйірме көп. Өкінішке орай, Қазақстанда жағдайы төмен отбасылар өте көп. Мемлекеттен сол отбасыларға көмек берілуін сұрайтын едім. Үйірмелерге ақша берілсін. Бізде көмек көрсетілмейді емес, көрсетіледі. Әдетте көпбалалы отбасыға жәрдемақы беріледі. Бірақ бір балалы отбасылардың да жағдайы тым нашар болуы мүмкін. Бұдан өзге психологиялық тренингтерден өтуге келіскен адамға сыйақы берілуін сұрайтын едім.

Жекеменшік клиникалар мұндай қаражат бөле алмайды. Халықтың жинаған салығы осындай пайдалы дүниелерге жұмсалуы тиіс. Үлкендеріміз Кеңес Одағын аңсайды, сағынады. Өйткені, ол заманда көп нәрсе тегін болды. Ата-ана психолог маманға тек балаларының киімі бүтін, қарны тоқ, жолының ақшасы бар кезде ғана келуі мүмкін. Дағдарыстың салдарынан әйелдер еркектермен қатар жұмыс істеуге мәжбүр. Тіпті нәрестелерін әжесі мен атасына беріп жатады. Бұл балаға да, анаға да ауыр тиеді. Осылайша бірінші орынға баланың материалдық жағдайын қоямыз. Жұмыстан шаршап келгендіктен, оларға уақыт бөлмейміз. Ата-аналар баласы бұзылса, мұғалімді кінәлап жатады. Шын мәнінде, мұғалімнің өз баласын тәрбиелеуге уақыты жоқ. Оның үстіне жалақылары да төмен.

– Бүгін осы тақырыпты көтеруіме себепші болған бір видео бар еді. Инстаграм желісінде топты түгелдей жойып жібергендіктен, сол видеоны сізге көрсете алмадым. Аталған видеода бүлдіршін ересек қыздың қойнына қолын салып тұрады. Ал айналасындағылар күле қарап, баланың әрекетін қоштай түседі. Ең сорақысы, бала да, бойжеткен де – қазақ. Қалай ойлайсыз, балаларымыздың ерте жастан бүлінуіне не себеп?

– Балаларда 5 жастан бастап жыныстық мінез-құлық дами бастайды. Сол жастан бастап олар ненің дұрыс-бұрыстығын, әлеуметтің нені қабылдайтындығын біліп отырады. Сіз айтып отырған 8 жасар баланың ата-анасына қояр сұрағым бар: Ол үйде де солай жасай ма? Кей отбасында әйел адам баласының алдында шешіне салады. Сондықтан балаға әйелдің жалаңаш тәнін көріп, қол сұғу қалыпты әрекет ретінде түйіледі. Кейде отбасы ауылдан көшіп келген кезде бір бөлмеде тұрады. Осындайда бала әкесі мен шешесінің жақындасқанын көріп қалуы мүмкін. Осылайша олардың жыныстық қатынасқа деген қызығушылығын өзіміз оятамыз. Сондықтан балаға дұрыс тәрбие беру үшін алдымен өзімізді жөндейік!

Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Жоғарыдағы тақырыпқа қатысты Сіздің пікіріңіз қандай? Балаңыздың тәрбиесімен айналысып жүрсіз бе? Әлде сіз де отбасына уақыты тапшы жандардың қатарынансыз ба?


Жіберіп алмаңыз:

6 жасар қызының порно көруін тоқтата алмаған ана жұрттан көмек сұрады

Ата-анасы 5 жасар қыздарының зорланғанын оның суреттерінен біліп қойған

Жігіт өзі зорлаған қызға 15 жылдан кейін үйленді

Әлемдегі ең бақытты адам күйзелістен құтылудың жолымен бөлісті

Талқылау