Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өтемұратов, Ким және Досаевтың жұбайы: Қазақстанда қайырымдылықққа кім және қанша ақша аударды

2024 жылы Қазақстан қайырымдылық индексі бойынша халықаралық рейтингтегі позициясын жақсарта алмады. CAF жаһандық ұйымы жасаған The World Giving Index - 2024 есебіне сәйкес, Қазақстан биыл 142 елдің ішінде 113-ші орында. Осы орайда елімізде қайырымдылық жобаларының қалай жүзеге асып жатқанына тоқталсақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: hightech.fm

Қазіргі уақытта елімізде қайырымдылық қызметін дамыту өзекті әрі маңызды тақырыпқа айналды. Дегенмен Қазақстанда қайырымдылық ісі, әдетте, келеңсіз оқиғалар фонында талқыланады. Осы орайда Қазақстан демеушілер, меценаттар мен еріктілердің арқасында қандай мақсаттарға қол жеткізіп жатқанын анықтауды жөн көрдік.

Қазақстанда демеушілік қаржыға мектептер, балабақшалар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Сондай-ақ баспанасыз қалғандар жаңа пәтерлер мен үйлерге ие болып, сирек ауруға шалдыққан науқастар шетелде емделу мүмкіндігін алып отыр. Дегенмен мұның бәрі жаңалықтарда көрсетіле бермейді. Бірақ Қазақстандағы ең ірі қорлардың есебіне қарасақ, мұндай оқиғалар өте көп. 

Фото: ranking

Қазақстанда қайырымдылықты екі категорияға бөлуге болады. Олар, корпоративтік және қоғамдық. Біріншісін ірі кәсіпкерлер немесе компаниялар басқарады. Осы орайда, бизнес неліктен қайырымдылықпен айналысады, деген сауал туындауы мүмкін.

Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік компанияның жалпы қоғамның құндылықтарына адалдығын көрсетеді. Екіншіден, бизнес өзінің әлеуметтік аударымдарынан белгілі бір қаржылық емес пайда алады. Мәселен, компанияның беделі, клиенттер мен тұтынушылар алдындағы адалдықты білдіреді. Үшіншіден, қайырымдылыққа ақша аударатын кәсіпорындар брендтік капиталды қалыптастырады. Бұл маркетингтік зерттеулермен бірнеше рет дәлелденген. 

Меценаттардың екінші санаты – бизнесі жоқ немесе үлкен жалақысы жоқ адамдар. Олар бейтаныс адамның емделуіне SMS арқылы 300 теңге аудара алатындар. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде азық-түлік пакетін әкелуге дайын немесе кез келген ірі жобаларға волонтер болуға әзір жандар. 

Осы орайда қоғамға пайда әкелген Қазақстандағы 10 ірі корпоративтік және қоғамдық қайырымдылық қорының тізіміне тоқталсақ. 

Ең танымал филантроптардың бірі – Болат Өтемұратов. Оның қорынан бөлінген қаражатқа Есік ауылында мектеп пен Қосшыда әлеуметтік-мәдени орталық салынған. Сонымен бірге білім беру бағдарламалары қаржыландырылып, мүгедектер қоғамы мен шығармашылық бірлестіктерге қолдау көрсетілген.. Жобаларға салынған инвестицияның жалпы сомасы 15,4 миллиард теңгеден асқан. Еліміздің барлық ірі қалаларында аутизммен ауыратын балаларға арналған бірегей "Асыл Мирас" оңалту орталықтарының желісі қордың ең танымал бастамасы саналады. Онда психикалық ерекшеліктері күрделі 16 мыңнан астам бала көмек алады. 

Әлеуметтік жобалар Вячеслав Кимнің 2024 жылы құрылған Añsa Foundation қайырымдылық қорының басым бағыттарының бірі. Вячеслав Ким 2024 жылдың көктемінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге қаражат бөлген алғашқы отандық филантроптардың бірі. Қордан Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына барлығы 20 миллиард теңге бөлді. Бұл ақшаға жаңа үйлер мен пәтерлер, Петропавлда балабақша салынды. Қор Ақмола облысындағы Қызылжар, Оразақ, Қараменді батыр және Ыбырай Алтынсарин ауылдарындағы балалар үшін инклюзиондық бөлмелерді жабдықтауға қолдау көрсетуден басталған "Бақуатты аудан" бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұл ауылдардағы мектептерге ерекше күтімді қажет ететін балалармен жұмыс істеуге арналған арнайы құрал-жабдықтар сатып алынған. 

Вячеслав Ким Añsa Foundation қорын құрғанға дейін Михаил Ломтадземен бірге қайырымдылық жобаларына қатысқан. Меценаттар "Аутизмді жеңейік!" жобасына, Covid-19 пандемиясы кезінде жедел жәрдем машиналарын, экспресс-тесттер мен желдеткіштерді сатып алуға қолдау көрсетті. Вячеслав Ким "Сәби" қорымен бірлесіп жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетті.

Фото: ranking

Ірі меценаттар арасында Қазақстанда 48 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен 68 инклюзивті білім беру ресурстық орталықтарын ашқан "Дара" қоры да бар. Оның негізін қалаушы Гүлнәр Досаева.

Мұқтаж жандарға көмек көрсету қорын құрған меценаттардың тізімінде Кеңес Рақышев, Әсел Тасмағамбетова, Тимур Құлыбаев, Шухрат Ибрагимов, Серікжан Сейітжанов, Нұрлан Смағұлов та бар. 

Ең танымал қоғамдық қорлардың қатарында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы құрылған "Қазақстан халқына" қоры да бар. Үш жылдың ішінде қайырымдылық ұйымы 250 миллиард теңгеден астам қаржы жинаған. Ақша табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға үй салудан бастап, білім гранттарын беруге дейін түрлі әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалған. 

Айта кетейік, 2023 жылы еліміз рейтингте 107-ші орынға ие болған. 100 ең жоғары ұпайдың ішінен небәрі 33 ұпай жинаған. Бұл ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда айтарлықтай аз. Мәселен, Ресей (45), Өзбекстан (44), Қырғызстан (42).

Зерттеу қоғамның қайырымдылыққа қаншалықты дайын екенін көрсетеді. Сондай-ақ көршісі қиын жағдайға тап болғанда өзінде барды бөлісе ала ма, ақшамен қолдау көрсете ме, әлде волонтер болу арқылы жәрдем бере ме? Осы сұрақтардың жауабын табуға тырысады

Зерттеу нәтижелері оған қатысқан елдердегі азаматтардың сауалнамаларына негізделген.

Зерттеу авторларының айтуынша, қайырымдылық индексінің көшбасшылары әр жолы ең бай елдер бола бермейді. Биыл алғашқы бестікке Индонезия, Кения, Сингапур, Гамбия және Нигерия кірген. 

Фото: ranking

Талқылау