Қазақстанда кей салалар қосылған құн салығынан босатылады: Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілмек
Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Амрин Қазақстанда жаңа салық кодексіне сәйкес қай салалар қосылған құн салығынан босатылатынын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Мәжілісте өтіп жатқан дөңгелек үстелде елдегі салық реформасына қатысты жаңа ұсыныстар талқыға түсті.
“Біз қосылған құн салығы бойынша дифференцияланған ставка ұсынып отырмыз. Жалпылама бекітілген 16% – базалық ставка. Екінші нұсқа – агроөнеркәсіп кешенін қосылған құн салығынан босату. Бұған қарамастан біз өз еркімен есепке тұру құқығын қалдырамыз. Сәйкесінше салық төлеуші ҚҚС (қосылған құн салығы) төлеушісі бола алады, мұндай құқық сақталады. Сондай-ақ аралық 10% мөлшерлеме де бар. Жобаға сәйкес бұл ставка денсаулық сақтау саласына, ІТ, креативті индустрия, туризм саласына ұсынылып отыр", – деді Амрин дөңгелек үстелде.
Фото: Мәжіліс презентациясынан
Оның сөзінше, жұмыс тобы аймақтарды аралау кезінде бизнес және жұртшылықтан түскен ұсыныстарды талқыға салған. Оның ішінде азық-түлік пен өзге де тауар категорияларына қатысты ҚҚС төмендету жайлы ұсыныс болған.
Сондай-ақ Салық кодексі жобасында келесі ұсыныстар бар:
- ҚҚС-ты 12-ден 16% көтере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен агроөнеркәсіп кешенін ҚҚС-тан босату. Сонымен қатар фарминдустрия, медицина қызметтері мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік үшін төмендетілген 10% көлемінде мөлшерлеме белгілеу;
- ҚҚС төлеушелілерді тіркеу үшін ең төменгі шекті 20 000 АЕК-тен 3 800 АЕК-ке (2025 жылы 14 941 600 теңге) дейін төмендету.
"Қазір бұл сұрақ талқылау кезеңінде. Меніңше, Мәжілістегі салалық топтың жұмысы аясында біз бұл ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастырамыз деп ойлаймын", – деп қосты ол.
Министрлік дерегіне сәйкес бюджет түсімдерін көбейту арқылы жыл сайын ел қазынасы қосымша 4-5 триллион теңгеге толығады.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліске салық кодексіне түзетулер енгізу туралы заң жобасы енгізілгенін хабарлаған едік.