Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қай сала мамандары миллионға жуық жалақы алатыны белгілі болды

мамандар жетіспейдіФото: pexels.com

2026 жылдың басында Қазақстанда ең жоғары жалақы бұрғылау супервайзерлеріне ұсынылды. Олардың айлығы 991 мың теңгеден басталады. Сондай-ақ өндіріс учаске бастықтары мен бас геологтардың табысы да жоғары деңгейде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026 жылдың басынан бері Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 102,7 мың бос жұмыс орны жарияланып, 162,4 мың адам түйіндеме қалдырған. Яғни жұмыс іздеушілер саны вакансиядан көп, бір орынға шамамен 1,6 адамнан келеді. Оның үстіне ұсынылған жұмыстың 80 %-дан астамы білікті мамандарға арналған.

Қаңтарда ең жоғары жалақы бұрғылау супервайзерлеріне ұсынылған. Шамамен 991 мың теңгеден бастап төленеді екен. Өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастықтарына 876 мың теңгеден, ал бас геологтарға 803 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынылған.

Ал жұмыс іздеушілердің өздері ең жоғары жалақыны жаңа өнім әзірлеу жобасының жетекшісі қызметіне сұрайды, ол шамамен 1,3 миллион теңге. Коммерциялық директорлар 1,2 миллион теңге алады. Ал іске қосу және сынақ инженері қызметіне үміткерлер орта есеппен 865 мың теңге көлемінде жалақы көрсеткен.

Жалпы сұраныстың жартысына жуығы жұмысшы мамандықтарға тиесілі – 48,9 мың бос орын. Ең көп ізделетіндер қатарында мейіргерлер (1,9 мың), санитарлар мен жүргізушілер (әрқайсысы 1,8 мыңнан), сондай-ақ математика мұғалімдері (1,7 мың) бар.

Салаларға келсек, бос орындардың басым бөлігі бес бағытта шоғырланған. Әдеттегідей, білім беру саласы алда, 33 мыңнан астам вакансия. Одан кейін түрлі қызмет көрсету саласы (11,4 мың) және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету (9,7 мың) тұр. Мемлекеттік басқаруда 7 мың, ал өңдеу өнеркәсібінде 6,9 мың бос орын тіркелген.

Өңірлер бойынша ең көп жұмыс ұсынысы Астанада 8,9 мың. Түркістан облысында 7,3 мың, Қарағанды облысында 7,1 мың, ал Алматыда 6,9 мың вакансия бар.

Ал жұмыс іздеп, түйіндеме қалдырғандардың ең көбі Түркістан облысында тіркелген (23 мың адам). Сондай-ақ Атырау (12,2 мың), Маңғыстау (11,3 мың), Қызылорда (10,9 мың) облыстарының тұрғындары белсенді. Үлкен қалаларда да көрсеткіш жоғары. Мысалы, Алматыда 10,8 мың, Астанада 10,6 мың түйіндеме жарияланған.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бұған дейін де Enbek.kz деректері бойынша жоғары жалақы көбіне авиация, геология, IT және өндіріс саласындағы басшылық лауазымдарға ұсынылатыны айтылған еді. 2025 жылғы қараша қорытындысы бойынша ең жоғары жалақы ұшқыштарға орта есеппен 1,9 млн теңгеге дейін, ал IT бөлім басшылары мен бас геологтарға шамамен 1,2 млн теңге деңгейінде белгіленген. Сонымен қатар еңбек нарығында дәстүрлі түрде мейіргер, санитар, тәрбиеші және жүргізуші сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары болып отыр.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 16:53