Қазақстанда кәсіби спорт клубтарына бюджеттен бөлінетін қаржыға шектеу қойылды
Фото: pixabay.com
Спорт және туризм министрлігі Қазақстанда кәсіби спорт клубтарына бюджеттен бөлінетін қаржыға заң жүзінде шектеу қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Үкіметі кәсіби спорт клубтарын мемлекеттік қаржыландыруға қатысты жаңа ережелерді бекітті. 2025 жылғы 16 маусымнан бастап күшіне енген қаулыға сәйкес, елімізде спорт клубтарын ұстауға жергілікті және республикалық бюджет есебінен бөлінетін қаржы нақты лимиттермен шектеледі.
Аталған құжат спорт саласындағы бюджет қаражатының ашықтығын арттыру және мемлекеттік қолдауға иек артқан клубтардың санын азайту мақсатында қабылданды. Сонымен қатар, реформаның басты мақсаты — спорт клубтарын жеке инвестициялар тартуға ынталандыру және ішкі резервтер арқылы дамуға жол ашу.
Қаржыландыру лимиттері:
-
футбол клубтарына жылына 1,9 млрд теңгеден (шамамен 3,5 млн АҚШ доллары) аспайтын қаражат бөлінеді
-
хоккей клубтарына жылдық шекті мөлшер 1,1 млрд теңге (2 млн доллар)
-
басқа спорт түрлеріне арналған кәсіби клубтарға 471 млн теңгеден (870 мың доллар) артық берілмейді
Жалақыға да шектеу қойылды:
Жаңа ережелерге сәйкес, енді клубтардағы жекелеген мамандар мен спортшылардың жалақысы да реттелетін болады:
-
негізгі құрам спортшысы мен бас бапкердің ай сайынғы ең жоғары жалақысы – 1,9 млн теңге (шамамен 3 500 доллар)
-
жастар құрамасы спортшыларының шекті жалақысы – 315 мың теңге (шамамен 581 доллар)
Бір өңір – бір клуб қағидаты енгізілді
Жаңа тәртіп бойынша, бір өңірде мемлекеттік бюджет есебінен тек бір ғана клубты (әр спорт түрінен) ұстауға рұқсат етіледі. Яғни, облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда әр спорт түрінен бір ғана кәсіби клуб мемлекеттік қаржыландыру ала алады. Бұл қағида бюджет қаржысының ысырапсыз әрі әділетті бөлінуіне мүмкіндік береді.
Ұлттық саясат – отандық спортшыларға басымдық
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл шаралар шетелдік легионерлерге тәуелділікті азайтып, қазақстандық спортшылардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, бюджет қаражаты бұқаралық спортты, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға басымдықпен бағытталады.
Айта кетейік, жаңа ережелер тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын клубтарға қатысты. Жеке меншік немесе демеушілер есебінен жұмыс істейтін ұйымдарға бұл шектеулер қолданылмайды.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
