Қазақстанда карантин қайта күшейтілуде: Қай өңірлерде қандай шектеу шаралары енгізілді?
Ведомствоаралық комиссия отырысында еліміздің бірқатар өңірлерінің әкімдеріне ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың қайта өршуіне байланысты карантин шаралын күшейтуді тапсырған болатын. Содан бері кейбір облыстар мен қалаларда шектеу шаралары қайта енгізіліпті. Қай аймақта қандай шектеулер қойылған? Бірге көз жүгіртейік.
Жамбыл облысында карантиндік шаралар 14 маусымда күшейтілген. Өңірдің елді мекендері ішінде және елді мекендер арасында сағат 22:00-ден 06:00-ге дейінгі уақыт аралығында халықтың жүріп-тұруы шектелді. Тараз қаласында қоғамдық көлік сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін және сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін қатынайтын болса, қоғамдық көлікке тек жеке қорғау құралдарымен кіруге рұқсат етіледі. Бұған қоса әлеуметтік арақашықтықты және маска режимін сақтай отырып, саябақтарға, алаңдарға және скверлерге сағат 06.00-22.00 аралығында баруға рұқсат берілген.
Облыстағы бірқатар нысандардың жұмыс кестесі өзгертіліпті:
- базарлар, азық-түлік емес дүкендер 8:00-ден 16:00-ге дейін;
- сауда-логистикалық орталықтар, қоймалар, азық-түлік өнімдерін, дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды сату орындары 8:00-ден 18:00-ге дейін;
- азық-түлік супермаркеттер және дүкендер, ветеринариялық дәріханалар мен клиникалар 8:00-ден 22:00-ге дейін;
- Халыққа қызмет көрсету орталықтары 9:00-ден 16:00-ге дейін;
- екінші деңгейлі банк бөлімшелері, «Қазпошта» АҚ, айырбастау пунктері, микроқаржы ұйымдары 9:00-ден 17:00-ге дейін;
- автосалондар, қосалқы автобөлшектерді сататын дүкендер, дезинфекциялау құралдарын сату бойынша мамандандырылған дүкендер мен қоймалар, ауыл шаруашылығы техникасы, өсімдіктерді қорғау құралдары, тыңайтқыштар, тұқымдар (көшеттерге) және құрылыс материалдары мен қосалқы бөлшектер бойынша сауда-саттық орындары, сұлулық салондары, шаштараздар (алдын ала жазылу бойынша), азық-түлік қоймалары, тұрмыстық техника дүкендері, техникалық жөндеу орталықтары, автожуу, оптика салондары (дүкендер), фотосалондар, гүл дүкендері және дүңгіршектер 10:00-ден 18:00-ге дейін;
- қоғамдық тамақтану объектілері (50 орыннан артық емес), ЅРА және фитнес-салондар, спорт кешендері10:00-ден 20:00-г дейін.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, ұлттық компаниялардың қызметіне штаттың кемінде 50 пайызын қашықтан жұмыс режиміне ауыстыра отырып рұқсат етілген.
Мына нысандардың жұмысына тыйым салынады:
- аумағы 2000 ш. м. асатын сауда орталықтары,
- түнгі клуб, дискотека;
- қоғамдық монша, сауна, бассейндер;
- сауда, ойын-сауық орталықтарындағы балалардың ойын алаңдары;
- ойын-сауық орталықтары, фудкорттар, кинотеатрлар;
- компьютерлік және ойын клубтары;
- балаларға арналған сауықтыру лагерлері;
- діни ұйымдар (мешіттер, шіркеулер, храмдар және т. б.);
- орын саны 50-ден асатын қоғамдық тамақтану нысандары;
- концерт залдары, цирк қойылымдары;
- автомобиль және мал базарлары.
Ақтөбе облысының бас санитар дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева аймақта 12 маусымнан бастап карантин шараларын қайта енгізілетінін мәлімдеген болатын. Арнайы қаулыға сәйкес, интернет, компьютер клубтары, саябақ, скверде, ойын-сауық орындарындағы балалардың ойын алаңы жұмысын тоқтатты. Сауықтыру лагерін ашу кейінге шегеріліп, түнгі клубтар мен караоке жабылды.Сондай-ақ бұқаралық шараларға, еске алу кештеріне тыйым салынды. Қонақ шақыруға болмайды. Көрме, форум, конференция өткізілмейді. Саябақтағы тамақтану дүңгіршектері жабылды.
Қоғамдық көлік 6:00-ден 21:00-ге дейін жүреді. Тек жұмысқа барып-келуге, азық-түлік сатып алуға ғана сыртқа шығуға болады. Себепсіз көшеде жүруге тыйым салынды.
Түрлі тауар сататын, мал, киім-кешек, автокөлік, құрылыс базарлары дүйсенді-бейсенбі аралығында 09:00-ден 15:00-ге дейін, ал жұма-жексенді күндері 10:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Азық-түлік дүкені, супермаркеттер 10:00-ден 20:00-ге ашық.
Қарағанды облысында карантиндік шектеулер 13 маусымнан бастап қайта енгізілді. Осы күннен бері бастап карантин аймағының периметрлері - Жезқазған, Қарқаралы ауданы, Шет ауданының Жарық кенті қоршалады және блок-бекеттер орнатылды. Мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің 70%-ы қашықтан жұмыс режиміне көшірілді. Қоғамдық және сауда объектілерінің жұмысы уақыты шектелді.
Облыста 13 маусымнан бастап:
- қоғамдық көлік таңғы сағат 06.00-ден 10.00-ға дейін және сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін жүреді;
- құқық қорғау, арнайы қызметтер мен медициналық мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қоспағанда, жеке автокөліктің барлық түрлеріне 23.00-ден 05.00-ге дейін жүруге тыйым салынды.
- таксимен тек бір жолаушыны немесе бір ересек адамның ертуімен кәмелетке толмаған екі баланы тасымалдауға болады.
- бірқатар нысандар үшін жұмыс кестесіне шектеулер енгізілді.
ХҚКО келушілерді сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қабылдайды.
Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (орталықтары) жаңа кестеге көшеді: жұмыс күндері-09.00-ден 21.00-ге дейін, демалыс күндері-09.00-ден 13.00-ге дейін.
Азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін ашылады. Демалыс күндері санитарлық күн өткізу үшін жабылуы тиіс.
Стационарлы емес қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (дүңгіршектер, донерханалар, оның ішінде саябақтарда, гүлзарларда және т. б. жерлерде орналасқан нысандар) қызметіне тыйым салынды.
Мемлекеттік органдарда (ұйымдарда), ұлттық компанияларда және олардың филиалдарында, кеңселерде қызметкерлердің кемінде 70%-ы қашықтан жұмыс форматына көшуі тиіс.
65 жастан асқан адамдарға аса қажетсіз көшеге шығу шектелді.
14 жасқа дейінгі балаларға ересектерсіз жүріп-тұруына, сондай-ақ отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан астам топпен жиналуына тыйым салынды.
Қарағандыда, Майқұдық аумағында саябақтар, балалар аула алаңдары жабылады, гүлзарлар мен алаңдарда серуендеуге тыйым салынады. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулыларындағы талаптардың сақталуын бақылау күшейтілді. Тәртіп бұзушыларды қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жазалайтын болады.
Түркістан облысында карантин режимі жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасады. Өңірде екі және одан көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде бетперде міндетті түрде тағылуы, әлеуметтік қашықтық (2 метрден кем емес) сақталуы тиіс екені айтылыпты. Бұған қоса отбасылық іс-шараларды және ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сауда-ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары мен кинотеатрлардың, театрлар мен көрмелердің, түнгі клубтар мен батут және фудкорттардың жұмысына, мал базарларының қызметіне тиым салынған.
Батыс Қазақстан облысында карантин шаралары керісінше, жеңілдетіліпті. Десек те 15 маусымнан бастап бірнеше шектеу шаралары қолданылады. Атап айтқанда, банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, отбасылық, естелік, әдет-ғұрып және өзге де адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.
Барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарында тек кезекші топтардың жұмысына рұқсат беріледі. Сондай-ақ қалалық демалыс паркі, ойын-сауық нысандары, кинотеатрлар, барлық түрдегі ойын алаңдары (аулалардағыны қоспағанда), түнгі клубтар, компьютерлік және ойын клубтары, кальяндық, букмекер кеңселері, балалардың сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлері, кейтерингтік қызметтер көрсету және мерекелерді ұйымдастыру қызметтері, діни нысандар қызметі тоқтатылды.
Жұмыс уақыты мен режимі бойынша 15 маусымнан бастап облыста мынадай шектеулер енгізілді:
- жиналыс, кеңестерді, семинар, конференцияларды селекторлық режимде және бейнебайланыспен өткізу арқылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің 80 пайызын қашықтан жұмыс жасау тәсіліне ауыстыру;
- ХҚО онлайн режимінде қызмет көрсетуге өту, онлайн режимде көрсетілуі мүмкін емес қызметтерді алдын ала жазу бойынша жүзеге асыру (сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін);
- медициналық орталықтар (алдын ала жазылу бойынша) сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;
- стоматологиялық клиникалар (алдын ала жазылу бойынша) сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;
- азық-түлік базарлары мен азық-түлік емес базарлар сауда сөрелері арасындағы қашықтықты сақтай отырып, азық-түлік өнімдерін сату тек өлшеп-оралған түрде, көкөніс пен жемістерді қоспағанда, сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін жүргізілуі тиіс;
- азық-түлік дүкендері (азық-түлік өнімдерін сату, көкөністер мен жемістерді қоспағанда, тек өлшеп-оралған түрде жүргізілуі тиіс) сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін;
- мейрамханалар, барлар, дәмханалар, асханалар және басқалары (бір уақытта 30 адамнан аспайтын келушілер санымен), қоғамдық тамақтану нысандарында кальяндарды пайдалануға тыйым салынады, үстелдердің арасындағы қашықтықты 2 метрден кем емес сақтауды қамтамасыз ету, бір үстелге отырғызу 4 адамнан аспауы тиіс, сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін;
- ауданы 2000 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендер (барлық бағыттар), сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;
- ауданы 2000 шаршы метрден асатын сауда нысандары (сауда орталықтары, сауда үйлері) сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін, сауда нысандарының аумағында орналасқан кинотеатрлар, балалар және басқа да ойын-сауық орталықтарының, қоғамдық тамақтандыру нысандарының (асханалар, фуд-кордтар және басқалар) қызметін қоспағанда;
- банктік қызметтер, сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін;
- қонақүйлер, казармалық режимге және карантиндегі науқастарды орналастыруға арналғандарды қоспағанда;
- медициналық-әлеуметтік мекемелер сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін;
- түзету кабинеттері (алдын ала жазылу бойынша) сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін;
- шаштараздар, сұлулық салондары барлық қызмет түрлері (алдын ала жазылу бойынша), сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін;
- мектепке дейінгі балалар ұйымдарының кезекші топтары (біріккен бөбекжай және 1-ші кіші, 2-ші кіші, орта, біріктірілген үлкен және мектепке дейінгі топтар, бірақ әр жас тобында 15 баладан артық емес), жатын бөлмелерде 1 метрден кем емес қашықтықты сақтау. Балабақшаның медициналық қызметкері барлық қызметкерлер мен балаларды күнделікті таңертеңгілік фильтрден өткізуі тиіс. Учаскелік педиатрдан денсаулық жағдайы туралы анықтамалары (3 жұмыс күнінен артық болмаған жағдайда) бар балаларды қабылдау. Жіті респираторлық жұқпалар (жоғары температура, жөтел, тұмау) және басқа да жұқпалы аурулар белгілері бар балалар мен қызметкерлерді жұмысқа жібермеу;
- білім беру орталықтары, үйірмелер, балалар даму орталықтары (10 адамнан көп емес), сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін;
- спорттық нысандар (тек ашық ауада, 30 адамға дейін спортшылар үшін, көрерменсіз); 30 адамға дейін спортшылар үшін теннис корты, көрерменсіз;
- мәдениет нысандары (қызметкерлер үшін 30 адамға дейін, көрерменсіз); -сауналар, жеке моншалар, қоғамдық моншалар 20 жуынатын орынға дейін, сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін;
- фитнес-орталықтар (10 адамнан артық емес), СПА салондар, сағат 12.00-ден 20.00-ге дейін;
- 2020 жылдың 20 маусымынан бастап балаларға арналған нысандарды қоспағанда, сауықтыру және санаторий нысандарының (толтырылуы нысанның жобалық қуатының 50 пайызынан аспайтындай) жұмысына рұқсат етілсін. Демалушыларды қабылдауды денсаулық жағдайы туралы анықтамалармен және COVID-2019 зертханалық зерттеулердің нәтижелерімен (ПТР тәсілімен) жүзеге асыру қажет.
Қоғамдық көлік барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, сағат 06.00-ден 21.00-ге дейін шектеулі режим шеңберінде жүретін болады. Қоғамдық көліктің толтырылуы қатаң түрде отырғызу орындары бойынша болуы тиіс. Қоғамдық көлік антисептик құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс, қоғамдық көлікке тек жеке қорғану құралдарымен (медициналық бетперде, қолғаппен) кіруге рұқсат етіледі.
Такси жеңіл көлігінде 3 адамнан артық болмауы тиіс. Жеңіл көлік те жеке қорғану құралдарымен (медициналық бетперделермен, қолғаптармен) және антисептиктермен қамтамасыз етілуі тиіс.
Шығыс Қазақстан облысында карантин 1 шілдеге дейін ұзартылды. Бұл туралы аймақтың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысында айтылды.
Шығыс Қазақстан облысының барлық аумағында 2020 жылғы 1 шілде сағат 00.00-ге дейін шектеулер, соның ішінде карантин шаралары сақталады. Шаруашылық және өзге де қызмет түрлеріне қатысты айрықша жағдай енгізілді.
Семейде азық-түлік сатпайтын сауда нысандарының жұмыс уақытын сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін және азық-түлік сататын сауда объектілерінің жұмыс уақытын сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін қысқартылды. Бұл ретте шектеулер азық-түлік емес тауарларды көтерме-бөлшек және бөлшек саудамен сататын сауда нысандарына, ірі сауда объектілері мен кешендеріне, сауда-ойын-сауық орталықтарына, аумағы 2000 шаршы метрден асатын сауда үйлеріне тыйым салынады. Сондай-ақ, түнгі клубтардың (дискотекалардың), барлардың, кальяндар мен караоке жұмысына рұқсат етілмейді.
Сондай-ақ қаланың ауру жұқтыру деңгейі жоғары қала аудандарында, адамдар көп жиналатын жерлерде, тұрғын үй секторында, саяжай аумағында, саябақтарда, гүлзарларда, аула ішіндегі балалар ойнайтын алаңдар мен спорт алаңдарында, рекреация аймақтарында, қоғамдық көліктерде маскалық режим мен әлеуметтік қашықтықты сақтау тұрғысынан патрульдеу күшейтіліпті.
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында бұрынғыдай түрлі бұқаралық, отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым бар. Діни нысандар бір мезетте тек 30% ғана тола алады. Фуд-корттар, кинотеатрлар, балалардың сауықтыру және мектеп жанындағы лагерлердің ашылуы кейінге қалды.
15 маусымнан бастап түнгі клубтардың, боулинг орталықтардың, бильярд, караоке, түнгі, компьютерлік клубтардың, фитнес, жаттығу орталықтардың жұмысы тоқтайды. Батуттарды құруға тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану орындары сағат 10.00-22.00 аралығында жұмыс істеп, мұндағы адам саны 50-ден аспауы керек, соның ішінде түрлі іс-шараларды өткізуге рұқсат жоқ. Барлық сауда орындары тек сағат 20.00-ге дейін ғана жұмыс істейді.
Ауыларалық қоғамдық көлік те енді сағат 6.30-21.30 аралығында қатынайды. Адамдар саны отыратын орындардан аспай, барлығы маска киюге міндетті.
Мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен басқа да кеңселердің қызметкерлері, штаттық кесте бойынша қызметкерлер саны 30-дан асқан жағдайда 80% қашықтан жұмыс істеуге көшті. Халыққа қызмет көрсету орталықтары да онлайн форматқа ауысты. Ал қашықтан көрсетуге келмейтін қызмет түрлерін тек сағат 10.00 мен 20.00 аралығында ғана алуға мүмкіндік берілді. Өңірдегі балабақшаларда тек «кезекші» топтар ғана жұмыс істеуде.
Қызылорда қаласында карантин режиміне 11 маусымнан бастап өзгерістер енгізілді. Енді көпшілік мерекелік іс-шаралар, ұжымдық, отбасылық жиындарға тыйым салынды. Ал компьютерлік клубтар, букмекерлік және лото, мото-конторалардың жұмысы күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін шектелді. Ол бұрын 23.00-ге дейін болатын. Кинотеатрлар, түнгі клубтар, сауда ойын-сауық орталықтары жанындағы балалар ойын алаңдары қызметін тоқтата тұрады.
Балаларға арналған жазғы тынығу, сауықтыру лагерлері, мектеп жанындағы күндізгі лагерлердің жұмыс жасауына тыйым салынды. Сондай-ақ, оқушылар және мектеп жасына дейінгі балалардың экскурсиясын өткізуге болмайды. Қалалық демалыс паркі өз жұмысын санитарлық-дезинфекциялық нормаларды қатаң сақтай отырып жалғасады. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар, мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болған жағдайда 50 пайыз қашықтан жұмыс жасау нысанында қалады.
15 маусымда кешкі сағат 20:00 бастап Көкшетау қаласындағы 7 блокпостың жұмысы қайта жанданып, қалада карантин шектеу шаралары күшейтілді. Мұнымен қатар азық-түлік және тұрмыстық химия, азық-түлік емес тауарларды сататын сауда орындарының, спорттық нысандары, қоғамдық тамақтану кәсіпорындары мен діни мекемелердің жұмысы шектелді.
Алматыда карантин режимі 15 маусымнан бастап қайта күшейтілді. Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің карантиндік шараларды күшейту туралы қаулысына сәйкес, барлық азық-түлік және азық-түліктік емес базарлар демалыс күндері 9-18 сағат аралығында, жұмыс күндері 9-16.00 аралығында ашық болады. ХҚО жұмысы онлайн форматқа көшірілді. Ал онлайн көрсетілмейтін қызметтер таңғы 10.00-16.00 аралығында көрсетіледі.Сауда, ойын-сауық орталықтары 10.00-21:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Бұл жерлерде қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық орталықтары жабық болады.
Коммерциялық банктер өз қызметкерлерінің 50 пайызын қашықтан жұмыс форматына ауыстыруға міндеттеледі. Сондай-ақ, компьютерлік залдар, боулинг, букмекерлік кеңселер, банкет залдары, бильярд залдары, караоке орталықтар жабық болады. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялардың бөлімшелері өз қызметкерлерінің 50 пайызын қашықтан жұмыс режиміне көшіруі тиіс.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
