Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді үлескерлер тұрғын үйді қолма-қол ақшаға ала алмайды: Ұлттық банк қандай өзгерістер енгізбек

тұрғын үй сатып жатқан маманФото: freepik.com

Қазақстан Ұлттық Банкі "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" басқарма қаулысының жобасын әзірледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаулы жобасы тұрғын үй құрылысы және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша Заңдардың ережелерін іске асыру мақсатында әзірленді.

"Үлестік қатысу шарттары (ҮҚШ) бойынша барлық төлем қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізіледі. Оның ішінде уәкілетті құрылыс компаниясының банктік шотына банктер арқылы қолма-қол ақша енгізу жолымен жүзеге асырылуға тиіс екені көзделетін Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңға толықтыру енгізіледі. Бұл талап тек бастапқы нарықтағы мәмілелерге қолданылады. Сондай-ақ тіркелмеген Үлестік қатысу шарттарымен байланысты тәуекелдерден үлескерлердің құқықтарын қорғауға бағытталады", – делінген хабарламада.

Бұдан басқа, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Заңға сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізілген. 

"Қаулы жобасында табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге (жеке тұлғаларға) төленген қаражатты үшінші тұлғалардың өндіріп алуына тыйым салатыны жазылған. Бұл талап осындай төлемдердің сақталуын және халықтың оларды дұрыс пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталған. Енді төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге өтемақы төленсе, банк оларды өндіріп алу туралы өтініш білдірген үшінші тұлғалардың талаптарын орындамайды", – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар Қаулы жобасы құқықтық мониторинг қорытындысы бойынша енгізілетін басқа да нақтылаушы және редакциялық өзгерістерді қамтиды.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 02 Шілде, 2025 12:18
Талқылау