Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктер қайталануы мүмкін бе? Сарапшылар болжамы

Қазақстанда сұйытылған газ бағасының өсімінен туындаған халық наразылығы қаңтар айында Жаңаөзен қаласында басталып, көп ұзамай бүкіл ел аумағында жалғасын тапқан еді. Алайда бейбіт шерулердің аяғы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян шекті. Қазіргі уақытта өткен оқиғалардың аражігін ажырату үшін тергеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Сонда да халықтың көкейінде бір сұрақ әлі де тұр. Ол – елімізде қақтығыстар қайталануы мүмкін бе? Stan.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтардың жауабын саясаттанушылар мен саясаткелерден сұрап көрді.

Қақтығыстар қандай жағдайда қайта өршиді?

Соңғы мәліметтер бойынша, қаңтардағы қақтығыс салдарынан 227 азамат, оның ішінде 19 әскери қызметкер құрбан болған. Алматының өзінде 149 азамат, сондай-ақ 11 тәртіп сақшысы қаза тапты. Қазақстанда барлығы 4 353 адам, оның ішінде 3 393 қауіпсіздік қызметкері зардап шекті.

Өте қорқынышты цифрлар. Қазіргі уақытта қазақстандықтарды алаңдатып тұрған сұрақ алдағы уақытта қақтығыстар қайталана ма және билік бұл оқиғалардың алдын алуы үшін не істейді? Саясаттанушы Дос Көшімнің ойынша, орын алған оқиғалардан кейін халық арасында үрей қалып қойған. Ол сонымен қатар үкімет дер кезінде ұтымды шешім қабылдап, жағдайды қалыпқа келтіре алмаса, алдағы уақытта халықтың тағы да көшеге шығуы мүмкін екенін де жасырмайды.

"Жағдай тұрақталып келеді дегенге мен өз басым сене алмаймын. Өйткені әлі ешнәрсе түбегейлі шешілген жоқ. Тоқаевтың жаңа үкіметке осы тығырықтан шығу үшін үш апта уақыт бергені белгілі. Бірақ менің ойымша, қазір әлеуметтік мәселе бірінші орынға шыққан сияқты. Қазіргі кездегі ең басты мәселе – саяси реформа. Ең қызығы, президент парламентте сөйлеген сөзінде саяси реформа жөнінде ләм-мим деген жоқ, тек қыркүйекте саяси реформаны жүргізуді жалғастырамын деді де қойды", – дейді Дос Көшім.

Саясаттанушының пікірінше, қасіретті қаңтар оқиғаларының басталуына басты себеп – 30 жылдан бері саяси реформаның жасалмауы. 

"Бұл жағдайға алып келген тек экономикалық мәселелер емес екенін түсінуіміз қажет. Бұған алып келген саяси реформалардың 30 жыл бойы жасалмауы. Билік жүйесін өзгерту, билік басындағы адамдарды өзгерту секілді сұрақтар күнделікті күн тәртібіне шығу арқылы бұл мәселелер шешілмесе, келешекте бұдан да үлкен қозғалыстың, дүрбелеңнің болуы әбден мүмкін. Себебі әлі нақты шешілген ешнәрсе жоқ", – деп түсіндірді ол.

"Өзгеріс болғанын қаламайтын күштер бар"

Саясаткер Әміржан Қосан кез келген жағдайға реалистік түрде қарау қажеттігін айтады. Сөзінше, қазіргі уақытта Тоқаев барлық билікті қолына шоғырландырып жатыр.

"Қазір өткен оқиғалардың себептері мен салдары туралы айтылып жатыр. Және оның алдағы уақытта қайталану қаупін жоққа шығара алмаймыз. Оның өз себептері де бар. Бүгінгі таңда Тоқаев бүкіл билікті қолына шоғырландырып жатыр. Бұрын Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев деп тұңғыш президенттің атын көп айтатын ол, қазір бұлай айтпайтынын байқадық. Көп жағдайларда шешімді бір өзі қабылдайтынын да айтып қалды. Сол себепті мұның артында үлкен жауапкершілік тұр. Биліктің айналасында да біраз өзгерістер болып жатыр. Ал сол өзгерістерге қарсы көзқарастағы күштер бар", - дейді Қосан.

Саясаткер осы өзгеріс болып жатқан сәтті ұтымды пайдалануды көздейтін адамдар бар екенін айтады. Қосан олардың қатарында ескі бюрократия өкілдері мен ескі элита құрамы болуы мүмкін екенін қосты.

"Бірінші қарсы күш – биліктің арқасында ғана адам болып жүрген ескі бюрократия мүшелері. Яғни, 30 жыл бойы биліктің қызығын көріп жүрген адамдар жаңа өзгерістердің болғанын қаламайды. Екіншісі, жақында президент өзі 162 адам деп атаған кәсіпкерлермен кездесті. Сонда Тоқаев олардың жеке байлығына, жеке шоттарына, күнделікті өмірі мен бизнесіне үлкен өзгерістер келетінін айтты. Сол өзгерістермен олар келісе ме? Міне, басты сұрақ осында. Сондықтан менің азамат ретінде ойлайтыным, осы күштердің тағы да бірігіп, астыртын әрекет етіп, Тоқаевтың аяққа тұрмаған сәтін сондай-ақ халықтың жағдайын пайдаланып, соққы жасай ма деп қорқамын", - деген ол күмәнін жасырмады.

Қосанов қақтығыстар тағы да қайталанатын болса, бұдан жапа шегетін тағы да қарапайым халық екенін баса айтты. "Екі түйе сүйкенсе, шыбын өледі" - деген мәтелді мысалға алған саясаткер, мұндай оқиғалардың беті ары болсын дейді.

"Қазір биліктің басында не болып жатқаны әлі де болса түсініксіз. Ол жерде Тоқаев пен Назарбаев па, әлде басқа күштердің араласуымен талас жүріп жатыр ма, ол да белгісіз. Тек осы оқиғалардың жиналуымен дүмпу басталып кетсе, одан әдеттегідей зиян көретін қарапайым халық. Қақтығыстардан тағы да біздің қазақтың, біздің жастарымыздың қаны төгіле ме екен деп қауіптенемін", - дейді Әміржан Қосан.

"Халық қақтығысқа жол бермеуі керек"

Саясаттанушы Расул Жұмалы халықтың өз талаптары мен міндеттерін билікке айтуға шек қойылмайтынын айтады. Бірақ бұл жолда агрессияның орнына бейбіт жолды таңдағанымыз дұрыс, дейді ол.

"Еліміздегі мәселелерге қоғам да өз көзқарасын білдіріп отыруы қалыпты жағдай. Бірақ бұл жолда қантөгісті болмаса күш қолданатын жолды таңдау дұрыс емес. Халық талабын бұған дейін де айтқан, бұдан кейін де айта береді. Сондықтан бұл мәселеде ортақ диалог ортанудың жолын тапқанымыз дұрыс. Бұл ретте көшеге шықпау қажет деп те айта алмаймыз. Көшеге шығып, халықтың ойын айтуы жалғаса береді. Тек ендігі кезде қақтығыстарға жол бермеуіміз керек. Себебі, өткен оқиғалардан елдігіміз мен тәуелсіздігімізге қандай зиян келетінін байқадық", - дейді Жұмалы.

Қақтығыстардың қайталанбауы үшін билік не істеуі керек?

Саясаткер Әміржан Қосан маңызды шешімдерді қабылдау кезінде президенттің әрқашан халықтың жағында болуы керек деп санайды. Халықтың қолдауына сүйенбеген басшының бастамалары жүзеге аспай қалуы мүмкін деп санайды ол.

"Тоқаев өзінің таңдауын жасады, енді оған шегінерге жол жоқ. Ал енді не істеуі керек деген сұраққа келетін болсақ, реформа жасау үшін кез келген президент бір күшке сүйенетіні жасырын емес. Бұл жерде әртүрлі топтар мен адамдар болуы мүмкін. Бірақ олардың кез келген сәтте сатып кету қаупі жоқ емес. Сондықтан осындай қиын шешімдер қабылдаған кезде кез келген саясаткердің, басшының сүйенетіні ол – халық. Халық ешқашан сатқындық жасамайды. Сол себепті Тоқаев қолдауды тек қоғамнан іздеуі керек. Ал басқасының барлығы белгілі бір уақытта сырт айналуы ғажап емес", – деп түсіндірді саясаткер.

Саясаттанушы Расул Жұмалы қазіргідей қиын уақытта барлық жауапкершілік биліктің мойнында екенін жасырмайды. Сонымен қоса ол халықтың өзі де болашаққа көз жүгіртіп, билікпен бірге бірлікте әрекет етуі тиіс деп санайтынын ұқтырды.

"Халықтың реформаларды күтіп отырғанына еш күмән жоқ. Бұл кезеңдерде басты жауапкершілік биліктің мойнында екеніне қарамастан, қоғам да демократия мен әділ мемлекет құру жолында асыра сілтеушілікке жол бермеген дұрыс. Реформаларды қабылдау кезінде де бұқараның талап-тілегіне құлақ асып, оң шешімдерді қабылдау керек. Яғни билік пен халық сабақтастықта әрі бір үндестікте әрекет ету қажет. Меніңше, осы ең оң шешім болады", – дейді Жұмалы.

Талқылау