Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда инфляция төмендеп келеді: Үкімет басшысы мен ұлттық банк еңбек кімдікі екеніне таласып қалды

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасының орынбасарына инфляцияға қатысты ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Қазақстанда жылдық инфляция жетінші ай қатарынан төмендеп келе жатқанын мәлімдеді. Қазір оның деңгейі 11,8% құрайды. 

"Жылдық инфляцияның баяулауы орташа қатаң ақша-кредит саясаты және 2022 жылғы жоғары базаның біртіндеп сарқылуы, жаһандық инфляциялық қысым мен өндіріс шығындарының төмендеуі жағдайында орын алуда. Инфляция құрылымында барлық құрамдас бөліктердің жылдық өсу қарқыны байқалады. Ай сайынғы инфляция да 0,6% - ға дейін баяулады. Алайда айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де орташа мәннен айтарлықтай жоғары болып тұр", - деп атап өтті ол.

Шолпанқұлов атап өткендей, азық-түлікке жатпайтын инфляция да қыркүйекте баяулап, 12,1% мәнді көрсетті. Жеке пайдалануға арналған тауарлар, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмек бағасының жылдық өсімі баяулап келеді. Қыркүйекте киім-кешек пен аяқ киім, дәрі-дәрмек пен қатты отынның бағасы өсті. Есесіне тұрмыстық бұйымдардың бағасы төмендеген.

Ал реттелмейтін қызметтер Қазақстанда қымбаттай түскен. Мәселен, жаңа оқу жылы басталғалы білім беру қызметтері, жалдау ақысы, көлік қызметтері, амбулаторлық-емханалық қызметтер құны өсіп кеткен.

Премьер-министр Шолпанқұловқа инфляцияның төмендеуі министрлер кабинеті жұмысының нәтижесі екенін айтып, оған ескерту жасады. 

"Сіз инфляцияның баяулауын тек өткен жылдың жоғары базасымен байланыстыруыңыз дұрыс емес. Инфляцияның баяулауы – Үкімет жұмысының нәтижесі", - деді Смайылов.

Еске салайық, 6 қазанда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5% - дан 16% - ға дейін төмендетті.  Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов өткен жылдың соңында инфляция 21,2 пайызды құрағанын, ал биылдың өзінде 11,8 пайызды құрағанын айтқан болатын.

Талқылау