Қазақстанда халықаралық жарыс жүлдегерлеріне берілетін сыйақы жүйесіне өзгерістер енгізілді
Фото: KBF
Қазақстанда халықаралық жарыс жүлдегерлеріне берілетін сыйақы жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елімізде спортшылар мен жаттықтырушыларға берілетін қаржылай ынталандыру ережелері жаңартылды. Бұл туралы 2025 жылғы 31 шілдеде Туризм және спорт министрі қол қойған жаңа бұйрыққа сәйкес белгілі болды.
Құжатта халықаралық деңгейде жетістікке жеткен спортшылар мен оларды даярлауға қатысқан мамандарға берілетін ақшалай сыйақының тәртібі мен көлемі нақтыланған. Бұған қоса, қандай жаттықтырушылар сыйақыға үміткер бола алатыны нақты көрсетілген.
Жаңартылған тәртіп бойынша келесі жаттықтырушылар марапатталуға жатады:
-
спортшыны бастапқы кезеңде кемінде үш жыл жаттықтырған алғашқы жаттықтырушы;
-
спортшы ұлттық құрамада болмаған кезде онымен жеке жұмыс істеген жеке жаттықтырушы;
-
командалық спорт түрлерінде (ойындар, топтық жаттығулар, эстафета, аралас немесе классикалық командалар) оқу-жаттығу жұмысын жүргізген бапкерлер;
-
ұлттық құраманың негізгі жаттығу жоспарына жауапты бас бапкер.
Сондай-ақ марапат алуға құқығы бар спортшылар тізімі де кеңейтілді. Енді Олимпиада, Паралимпиада немесе Сурдлимпиада ойындарында 4-ші, 5-ші немесе 6-шы орын алған спортшылар, сондай-ақ олимпиадалық спорт түрінен әлемдік рекорд орнатқандар да сыйақы ала алады.
Жеке спорт түрлері бойынша сыйақы төмендегідей үлестіріледі:
-
бірінші жаттықтырушы – жалпы сыйақының 10 пайызы;
-
жеке жаттықтырушы – 80 пайызы;
-
бас бапкер – 10 пайызы.
Егер бір маман бірнеше рөлді қатар атқарса, оның сыйақысы тиісінше қосылады.
Командалық спорт түрлерінде әр орын үшін үш жаттықтырушы – бас бапкер және екі қосымша жаттықтырушы – марапатталады. Тек екі спортшыдан тұратын командаларға бұл тәртіп қолданылмайды. Командалық бапкерлерді ұлттық спорт федерациялары жанындағы арнайы кеңес анықтайды.
Сыйақыны төлеу тек ұлттық деңгейде аккредиттелген федерациялар арқылы жүзеге асады. Құжаттар жарыс аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде тапсырылуы қажет.
Қаржыландыру екі көзден жүргізіледі: ағымдағы жылға арналған республикалық бюджет есебінен және ірі халықаралық жарыстарға арналған Үкімет резервінен. Сыйақы жарыс өткен күнгі валюта бағамы бойынша есептеліп, тікелей алушылардың банк шоттарына аударылады.
Еске салайық, жаңа ереже 2025 жылғы 15 тамыздан бастап күшіне енеді.

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті
