Қазақстанда шетелдік университеттерге түсуге мүмкіндік беретін жаңа ҰБТ енгізіледі
Фото: gov.kz
Қазақстанда жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізіледі. Енді талапкерлер дәстүрлі тест тапсырады немесе халықаралық мойындалған жаңа тестті таңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа тест қазақстандық түлектерге әлемнің кез келген университетіне түсуге мүмкіндік береді. Қазір жоба әзірлену үстінде. Министр бұл жобаның ұзақмерзімді екенін айтып, 2026 жылға дейін ата-аналар мен оқушылардың алаңдамауы керегін ескертті.
"Біздің тест әзірлеушілер жаңа тесттің халықаралық деңгейде мойындалуын қалайды. Алдағы бір жыл ішінде біз оны әзірлеуді жалғастырамыз. Талапкерлерге таңдау құқығы беріледі. Дәстүрлі ҰБТ тапсыру арқылы Қазақстан университеттеріне түсуге немесе жаңа тест тапсыру арқылы шетелдік университеттерге, Қазақстанда ашылған шетелдік ЖОО филиалдарына түсуге болады. Бұл жаңа тест 2027 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі", – деді министр мәжіліс кулуарында.
Жоспарды іске асыру үшін қазақстандық мамандар Educational Testing Service (ETS) штаб-пәтерінде оқудан өтеді. Нұрбек қазір кейбір шетелдік университеттердің қазақстандық ҰБТ-ға сенбейтінін, сондықтан халықаралық мойындалатын тест қажет екенін айтты.
Жаңа тест оқушының мектеп бағдарламасындағы білімін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік белсенділігін, логикалық және сыни ойлау қабілетін, функциялық сауатын бағалайды.
Министр атап өткендей, дәстүрлі ҰБТ сақталады, бірақ уақыт өте келе жаңа тесттің кеңінен қолданылуына байланысты дәстүрлі тесттің қажеті аз болуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеудің елеулі өзгерістерге ұшырайтынын айтқан еді.
Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сапары барысында ETS бас директоры Амит Севакпен кездесті. Кездесуден кейін ҰБТ әдістемесін және мазмұнын қайта қарастыратын арнайы жұмыс тобы құрылатыны хабарланды.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді