Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда генетикалық тұрғыдан туыстығы жоқ адамдар арасында орган трансплантациясына рұқсат берілмек

Қазақстанда генетикалық тұрғыдан туыстығы жоқ адамдар арасында орган трансплантациясына рұқсат берілмек
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда орган трансплантациясы процесі жеңілдетіледі. Тиісті түзетулер бүгін мәжілісте таныстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасында донорлық процедура туыстар арасында жүргізілген жағдайда генетикалық талдау жасауды алып тастау туралы норма бар.

"Генетикалық талдаудың орнына туыстық байланыс тексеріледі. Бұл – тірі кезінде жасалатын трансплантацияға қатысты. Мысалы, егер бауыр мен қарындас немесе ана мен бала болса, яғни тікелей туыстық қатынас бар жағдайда, генетикалық растаудың қажеті жоқ. Сәйкесінше, талдау жасау, нәтижесін күту уақыты қысқарады. Осылайша қолданыстағы заңнама аясында трансплантацияға рұқсат беру процесі жеделдетіледі", – деді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша шамамен бес ұйым туыстықты анықтау үшін генетикалық талдау жүргізеді, ал бұл процесс баяу және қымбатқа түседі. Генетикалық талдаудан бас тарту арқылы трансплантация операциясының құны арзандайды.

Бұрын заң бойынша тірі кезінде донор бола алатын адам 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланысы бар (мысалы, туыс), немесе тіндік үйлесімділігі бар адам болуы керек еді. Яғни, донор тек жақын туыс бола алатын.

Ал жаңа заң жобасында бұл шектеуді кеңейту ұсынылған. Жаңа заң жобасында егер адам тірі кезінде келісім берсе одан орган немесе тін алынып, гомографт (яғни арнайы өңделген тін) жасауға болады. Мұндай орган немесе тін өңделгеннен кейін оның генетикалық сәйкестігін анықтау мүмкін болмайды, себебі биологиялық қасиеттері өзгереді. Сондықтан генетикалық байланыс талабы алынып тасталады.


ҚМДБ мерт болған адамның ағзасын трансплантациялауға қатысты пәтуа шығарды


Бұл өзгеріс – медициналық технологияның дамуына байланысты енгізіліп отыр.
Гомографттар қазір әлемнің көптеген елдерінде қолданылады, өйткені олар өмірді сақтап қалуға көмектеседіжәне донор жетіспеушілігі мәселесін азайтады.

Сонымен қатар, қазір этикалық комиссия донор мен реципиенттің генетикалық туыстығын тексеруге міндетті. Бірақ бұл әрқашан дұрыс нәтиже бермейді.

Мысалы, асырап алынған бала мен ата-анасы заң бойынша туыс, бірақ генетикалық жағынан байланысы жоқ. Сондықтан жаңа заңда генетикалық байланыс емес, туыстық қатынастың фактісі ескеріледі. 

Этикалық комиссия енді генетикалық сараптама жүргізбей, тек құжаттардың дұрыстығын тексеретін болады.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда мүше трансплантациясын жасатқан науқастар тегін емделу құқығынан айырылуы мүмкін екенін жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 21 Қазан, 2025 21:00
Талқылау