Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда француз тілін оқытатын мектептер ашылады: Тоқаев пен Макрон кездесті

Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен келіссөздер жүргізіп, онда сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz сайтына сілтеме беріп.

тоқаев макрон

Мемлекет басшысы Эммануэль Макронға шақырғаны үшін және қайта сайлануымен құттықтағаны үшін алғыс білдірді. Тоқаев мұны екі елдің стратегиялық әріптестігін нығайтуға және қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға тамаша мүмкіндік деп атап өтті.

Президент Франция 2005 жылдан бастап Қазақстан экономикасына құятын инвестиция көлемі бойынша көшбасшы елдердің бестігіне кіретінін еске салды. Соңғы тоғыз айда екі мемлекеттің сауда айналымы 2,5 млрд долларға жетті. Францияның Орталық Азиямен сауда-саттығының 90% -ы Қазақстанға тиесілі.

Қазақстан мен Франция энергетика, тау-кен өндіру және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп іске асыруда. Қазақстанда 170-тен астам француз компаниялары мен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. 2030 жылға дейін сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы бекітілген.

Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруы туралы айтты. Макрон өз кезегінде Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестіктің, экономика және энергетика салаларындағы бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығын түсіндірді. Франция президенті 2024 жылы Қазақстанда француз тілін оқытатын жаңа мектептер ашылатынын және елдегі саяси реформаларға қолдау білдіретінін айтты.

"Тараптар екі елдің білім және мәдениет саласындағы байланыстарын нығайту жөнінде жан-жақты пікір алмасты, сондай-ақ халықаралық күн тәртібі мен Орталық Азиядағы ахуалдың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эммануэль Макронды Қазақстанға келуге шақырды", – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Талқылау