Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда энергетикалық сусынды 21-ге толмағандарға сатуға тыйым салу: Заңгерлер лицензия енгізуді ұсынып отыр

Қазақстанда энергетикалық сусындарды сатуға лицензия енгізу талқыланып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, 21 жасқа толмаған адамдарға тыйым салу күшіне енгенімен, тиімсіз болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Қаңтардан бастап 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусындарды сатуға қатаң тыйым салынды. Заң бұзушылық үшін 59 мың теңге айыппұл қарастырылған. Қайталанған жағдайда сома ұлғаяды. Жаза сусын сататын машиналардың иелеріне де әсер етеді. Алайда кәсіпкерлер бұған темекі мен алкоголь сату секілді мән бермейді. 

“Шағын дүкендерде 21 жасқа толмағандарға әлі де сатылып жатыр. Бұл тексеріліп жатқан жоқ. Егер мұндай заң енгізілсе, онда бақылау болуы керек. Энергетиктер күн сайын тоқтаусыз ішетін адамдар үшін қауіпті. Әсіресе жастар қазір бұл сусынды көп ішеді”, – деді диетолог-нутрициолог Луиза Алтынбекқызы.

Алкогольсіз сусындар қауымдастығы энергетиктерді сатуға лицензия енгізу қажет деп санамайды. Тіпті жас шектеулерімен сатуға келіспейді. 

“Біз кофеиннің негізгі жылдық тұтынуын қарастырсақ: шайда 64%, кофеде 25%, шоколадта 5% болады. Ал энергетикалық сусындарда бұл тек 4,9%. Мұндай демонизацияның қандай себеппен пайда болғаны мүлдем белгісіз. Бұл бәсекелестікке қарсы іс-қимыл бөлігіндегі кәсіпкерлік кодексіне қайшы келеді”, – деді алкогольсіз сусындар қауымдастығының президенті Әлия Мамытбаева.



Ал заңгерлер айыппұлды тиімсіз шара деп, энергетикалық сусындарға лицензия енгізуді ұсынады.

“Егер біз осындай жосықсыз кәсіпкерлерді энергетикалық сусындарды сату құқығынан айырсақ немесе белгілі бір мерзімге тоқтата тұрсақ тиімді болады. Екі-үш айға тоқтатуға болады. Мұны әлі де талқылау керек”, – деді "Ask Law Group" заң фирмасының басқарушы серіктесі, заңгер және қоғам қайраткері Аржан Сәдуақас.

Сондай-ақ кәсіпкер дүкендерде, кассалардың жанында және сөрелерде 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынғанын еске салатын жадынамалар орналастыруға міндетті. Егер мұндай хабарлама болмаса, алдымен ескерту жасалады. Ал қайтадан бұзылған жағдайда кәсіпкер әкімшілік жазаға тартылады.

Талқылау