Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді бизнеске арналған жаңа “жедел штаб” іске қосылды: Кәсіпкерлер нені білуі керек

салықФото: pixabay.com

Қазақстанда жаңа Салық кодексіне байланысты бизнеске жедел көмектесетін арнайы жобалық офис іске қосылды. Енді кәсіпкерлердің өтініштері бір орталыққа жиналып, апта сайын шешім қабылданып отырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, алғашқы жиналысты Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткізді. Жобалық офис кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексінің нормаларын және кәсіпкерлікке қатысты реттеулерді қолдану кезінде туындайтын өтініштері мен сұрақтарын жедел әрі жүйелі түрде қарастыру үшін құрылған біріңғай үйлестіру орталығы болады. Оның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың жұмысын өзара келісіп жүргізіп, бизнес өкілдерімен тұрақты әрі тиімді кері байланыс орнату.

Бұл офис не үшін керек?

Жаңа заң күшіне енген кезде кәсіпкерлерде түрлі сұрақтың көбейетіні белгілі. Мысалы:

  • қай салық режимін таңдаған дұрыс,
  • өтінішті қалай және қайда беру керек,
  • ЭҚЖЖ-ны қалай дұрыс таңдайды,
  • электронды шот-фактураны қалай рәсімдейді.

Осындай мәселелер әр мекеменің арасында “сенделіп” кетпей, бәрі осы орталықта жинақталып, нақты жауап пен түсіндіру бір жерден беріледі.

Қалай жұмыс істейді?

Офис “бір терезе” сияқты болады. Кәсіпкерлердің өтініштері:

  • салық органдарының call-орталығы арқылы
  • Telegram-дағы SalykBot арқылы
  • Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы
  • "Атамекен" арқылы
  • әлеуметтік желілер арқылы келсе де бәрі бір жерге жиналып, ретімен қаралады.

Оңай сұрақтарға тез жауап береді, ал күрделі мәселелер болса, басқа министрліктерді қосып, арнайы жиналыста шешеді.

Қазір қанша адам тіркеліп жатыр?

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, қаңтардың 1-і мен 20-сы аралығында 22 мың жаңа салық төлеуші тіркелген. Оның ішінде 20 мыңнан көбі – жеке кәсіпкерлер, 2 мыңға жуық – заңды тұлға, ал 7,1 мың адам ҚҚС төлеуші болып тіркеліпті.

Жеке кәсіпкерлікті қанша адам таңдады?

Тағы бір жаңалық – 137,7 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған режимін таңдаған. Ең қызығы, олардың 100 мыңнан астамы бұрын салық жүйесінде мүлде болмаған.

Бұл режимнің жақсысы:

  • Жеке кәсіп (ИП) ашпай-ақ жұмыс істеуге болады
  • кассалық аппарат міндетті емес
  • тек табыстың 4% көлемінде әлеуметтік төлем төлейсің.

Жаңа жүйе енгізілгенде техникалық проблема болған. Мысалы, Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі іске қосылғанда біраз қиындық шыққан. Бірақ қазір бәрі реттеліп, жүйе бір мезетте 250 мың адамға дейін қызмет көрсете алады дейді.

Кәсіпкерлерге көмектесу үшін:

  • кеңес беру кеңселері
  • call-орталықтар
  • SalykBot жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар өңірлерде "Халық бухгалтері" деген акция жүріп жатыр, қазірдің өзінде 3 мыңнан аса адам тегін кеңес алған. Серік Жұманғариннің айтуынша, ең бастысы жаңа заңды енгізгенде бәрі түсінікті, нақты мерзіммен және шатаспай жұмыс істеуі керек.



Еске салайық, бұған дейін Жаңа Салық кодексі қоғамда қызу талқыланып, кәсіпкерлер мен азаматтар тарапынан сынға ұшыраған еді. Ұлттық Құрылтайдың 5-отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қоғамнан түскен орынды ұсыныстарды мұқият қарап, қажет болса кодекске түзетулер енгізуді тапсырды. Ол “бұл қасиетті жазба емес” деп, кері байланысты күшейтіп, өтініштерге дер кезінде жауап берудің маңызын атап өтті.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 09:41