"Билет алып, ұшпай қалды": Қазақстанда авиакомпанияларға жаңа айыппұл енгізілді
Қазақстанда енді әуебилеттерін орын санынан көп етіп сатқан үшін жауапкершілік енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Шамадан тыс брондау (овербукинг) – ұшақтағы әуе билеттерін орындардан көбірек сату тәжірибесі.
Ірі халықаралық әуекомпаниялар жолаушылар келмей қалады деп есептеп, ұшақтағы орындардан көбірек билеттерді сатады. Бірақ соның кесірінен барлық клиент рейске келсе, кейбіреуі орынсыз қалады.
“Қазақстанда овербукингті кейбір әуе тасымалдаушылары соңғы екі жылда, әсіресе танымал бағыттар мен мереке және демалыс күндері қолданды. Қолдарында билеттері бар жолаушылар ұшаққа отыра алмай, балама нұсқаларды іздеуге мәжбүр болды. Халықтың наразылығы күшейіп, мәселе шұғыл шешуді талап етті”, – делінген хабарламада.
Қазақстандықтарға мамырдан бастап рейс кешіктірілгені үшін өтемақы төленбек
Прокуратураның ұсынысымен енді ішкі рейстерде жолаушыларды, багажды және жүкті ішкі тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Жаңа ережеге сәйкес, әуе тасымалдаушыға 50 АЕК (196 600 теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Бұған дейін жауапкершілік тек халықаралық рейстер үшін қарастырылған еді.
“Қабылданған шаралар әуекомпаниялардың қызметіне бақылауды күшейтуге және жолаушылардың құқықтарын қорғауға, билеттерді белгіленген нормадан асырып сатуға байланысты отырғызудан бас тарту жағдайларын жоюға мүмкіндік береді”, – деді ведомоство.
Айта кетейік, бұған дейін FlyArystan әуекомпаниясы 12 жасар қызды рейске мінгізбей, жалғыз өзін өзге қалада қалдырып кеткені туралы жазған едік. Бала әуежайда жалғыз қалды. 12 жастағы Зерені әуежайдан анасының құрбысы алып кеткен. Ертеңінде қыз Оралға өз бетімен ұшады.
Әуекомпаниясы қателігі үшін қыздың отбасынан кешірім сұрап, баланың анасымен бітімгершілікке келуге тырысқан. Оған 4 миллион теңге төлеу ұсынылды, бірақ қыздың анасы өтемақы төлеуден бас тартты.