Қазақстанда ең көп орташа айлық жалақы қанша екені белгілі болды
Ұлттық статистика бюросы елдегі "қызметкерлердің саны және жалақысы" туралы мәліметтерді жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz / Медет Исапанов
Бюроның дерегіне сенсек, биыл былтырмен салыстырғанда айлық жалақының орташа мәні 11,3% өсті, нақты жалақы индексі 102,7%-ға тең.
"Өткен тоқсанымен салыстырғанда жалақының орташа мәні 3,2% төмендеді, нақты жалақы индексі 95,3. Өңірлік бөліністе 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың III тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Шымкентте 16,1%-ға, Алматыда 15,2%-ға, Абай және Ақтөбе облыстарында 14,2%-ға, Қостанай облысында 14,0%-ға жетті", – делінген бюро хабарламасында.
Айта кетейік, ең көп орташа жалақы алатындардың қатарында Атырау облысы көш бастап тұр. Орташа жалақы – 630 894 мың теңге. Екінші орында Маңғыстау облысы (570 233 теңге) тұр. Ал үшінші орынды Ұлытау облысы (515 543 теңге) місе тұтты. Ең аз жалақы алатындардың тізіміне Жамбыл облысы (279 645 теңге) жайғасты.
Фото: Ұлттық статистика бюросы
"Былтырмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі ақпарат және байланыс саласында – 28,1 есе. Қаржы және сақтандыру қызметінде 24,3%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда 18,7%-ға, өнер, ойын-сауық және демалыста салаларында 18,0%-ға өсім байқалды. Өнеркәсіпте орташа айлық жалақы – 13,8%-ға өсті, оның ішінде электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау саласында – 20,6%-ға, сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет саласында – 18,3%-ға жетті", – деді статистика бюросы.
2024 жылғы III тоқсандағы экономикалық қызмет түрлері бойынша орташа айлық жалақы мына салаларда өскені байқалды.
- Экономикалық қызметтің барлық түрі бойынша – 390 328 теңге;
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 283 801 теңге;
- Өнеркәсіп – 560 826 теңге;
- Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 854 142 теңге;
- Өңдеу өнеркәсібі – 471 222 теңге;
- Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау – 393 270 теңге;
- Сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет – 282 964 теңге;
- Құрылыс – 509 788 теңге;
- Көтерме және бөлшек саудада сату; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу – 360 192 теңге;
- Көлік және жинақтау – 531 960 теңге;
- Тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету – 332 998 теңге;
- Ақпарат және байланыс – 673 345 теңге;
- Қаржы және сақтандыру қызметі – 831 462 теңге;
- Жылжымайтын мүлікпен операциялар – 298 822 теңге;
- Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 593 349 теңге;
- Әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызмет – 359 375 теңге;
- Мемлекеттік басқару және қорғаныс; міндетті әлеуметтік қамсыздандыру – 317 275 теңге;
- Білім беру – 271 982 теңге;
- Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 312 986 теңге;
- Өнер, ойын-сауық және демалыс – 267 218 теңге;
- Көрсетілетін қызметтердің өзге де түрлерін ұсыну – 330 938 теңге.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың көпшілігі алатын жалақы мөлшері белгілі болғанын жаздық. Зерттеудегі жалақы туралы нақты деректерде барлық қосымша төлемдер, жәрдемақылар, бонустар, салықтар мен зейнетақы жарналары ескерілді. Осылайша биыл қазақстандықтардың орташа айлығы 285 677 теңге екені белгілі болды. Былтыр қызметкерлердің жартысы жалақы мөлшері тізбегінің орта мәнінен жоғары, ал қалған жартысы төмен алатын медиана мәні 251 356 теңге болған. Елімізде ең көп таралған жалақы – 97 557 теңге. Айта кетейік, 2023 жылы оның мөлшері 81 377 теңге болған еді.