Қазақстанда электрсамокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салынбақ
Фото: depositphotos.com
Қазақстанда электрсамокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұловтың мәліметінше, министрлік электросамокаттарды пайдалану ережелерін қатаңдататын заң жобасын әзірлеуде.
"Қазір самокаттарға қатысты заң жобасын әзірлеп жатырмыз, онда бірқатар өзгерістер қарастырылған: тротуарда жүруге тыйым салу, көлік жүретін жолмен қозғалуға рұқсат беру, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы және тек 18 жастан бастап қолдануға рұқсат беру", – деді Ғалым Сарғұлов.
Министрлік өкілінің айтуынша, самокаттарды жалға беруші компаниялармен кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізілген. Компаниялар тұрғын үйлердің маңында самокаттардың жылдамдығы автоматты түрде 6 км/сағ-қа дейін шектелетінін, бұл функцияның іске қосылып, қолданылып жатқанын мәлімдеген.
Алматылық зағиптар электрсамокаттардың кесірінен көшеде жүруден қалғандарын айтып шағымданды
Алайда пайдаланушылардың самокаттарды тротуарға тастап кетуі, қызметтердің қамту аймағы кейде маршрутты дұрыс аяқтауға мүмкіндік бермей, соның салдарынан самокаттар тиісті емес жерлерде қалуы секілді мәселелер әлі де шешімін таппаған.
Алматыда самокаттарға бақылау күшейтілді. Құрамында шамамен 50 қызметкері бар арнайы топ құрылған. Олар дұрыс қойылмаған самокаттарды жинайды, тротуарлардан алып тастайды және тұрақ аймақтарындағы тәртіпті бақылап отырады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда самокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салуды талап ететін петиция жарияланған еді.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді