Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда электрмобильдер қымбаттайды, оған бажсыз әкелу квотасының таусылуы себеп

елге бажсыз жеткізуФото: pixabay.com

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылға арналған электрмобильдерді жеңілдікпен (баж салығынсыз) әкелу квотасы толық пайдаланылып, біткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кеден одағы комиссиясының 2009 жылы 27 қарашадағы №130 шешімінің 7-тармағының 7.1.38-тармақшасына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасындағы 8703 80 000 2 коды бойынша көрсетілген электрмобильдер белгіленген квота шегінде кедендік әкелу бажынан босатылады.

“2025 жылы электрмобильдерді жеңілдікпен әкелу көлемі 15 000 дана болып белгіленген еді. 14 қазанға қарай бұл квота толық игерілді”, – делінген хабарламада. 

Енді кедендік баждан босату қолданылмайды. Сондықтан барлық электрмобильдер жалпы тәртіппен, яғни салықтар мен міндетті төлемдерді төлей отырып рәсімделеді.

Электрмобильді енді қалай әкелуге болады?

Қазақстанға электромобиль әкелетін жеке тұлғалар кедендік рәсімдеудің үш нұсқасын таңдай алады:

1. "Тауарларға арналған декларация" – ДСҰ мөлшерлемелері бойынша

Кедендік алым – 6 АЕК;

Қосылған құн салығы –12%.

Егер автомобиль Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің 2015 жылы №59 шешімімен бекітілген ерекшеліктер тізіміне енсе, төмендетілген мөлшерлемелер қолданылады. Мұндай көліктерді тек Қазақстан аумағында сатуға болады. Оларды Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қайта алып шығуға тыйым салынады.

2. "Тауарларға арналған декларация" – Еуразиялық экономикалық одақ Бірыңғай кедендік тарифі бойынша (ЕТТ)

Кедендік алым – 6 АЕК;

Кедендік баж – көліктің кедендік құнының 15%-ы;

Қосылған құн салығы – 12%.

3. "Жолаушы кедендік декларациясы" 

Жалпы төлем – көліктің кедендік құнының 27%-ы.

Айта кетейік, бұған дейін “Ақ жол” партиясының депутаттары электрмобильдерді бажсыз әкелу мерзімін ұзартуды ұсынғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 17:50
Талқылау