"Күнде жарқыл пайда болды": Қазақстанда екі күн бойы магнит дауылы болады
Күндегі жарылыс салдарынан Қазақстанда алдағы екі күн бойы магнит дауылы жүреді. Дәрігерлер бұл құбылыстың созылмалы аурулары бар науқастарға қатты әсер ететінін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Медицина қызметкерлері екі күн бойы созылмалы аурулары бар науқастарға жұмыстан шаршамай, демалуға кеңес береді.
“Біздің денемізде электр өрістері бар. Осыған байланысты магнит дауылы біздің ағзамызаға әсер етуі мүмкін. Яғни, секундына 1-2 рет болатын магнит өрісінің тербелісі біздің жүрек соғысына сәйкес келеді. Созылмалы аурумен есепте тұрған науқастар бұл магнит дауылын сезеді. Жұмыс істеген соң міндетті түрде демалу керек. Яғни, бұл кезде демалысқа көп уақыт бөлу керек”, – дейді Алматыдағы №36 емхананың бөлім меңгерушісі Қарлығаш Қалиева.
Дәрігерлердің айтуынша, инсульттің шамамен 70%-ы геомагнитті бұзылу кезінде болады. Алдын ала болжам бойынша, дауыл екі күнге дейін, яғни жұмадан сенбі күнге дейін созылады. Ғалымдар магнит дауылы кезінде екі шығарынды болатынын айтады. Десе де олардың қуатты болмайтынын айтып, сендірді.
“Қазанның 4, 5 күні қуаты аз және орташа магнит дауылы жүреді. Күннің орталық меридианға жақын жерінде жарқыл пайда болып, тәжді массаның шығарындысы жүреді. Алдағы екі күнде сол шығарындының Жердің магнитосферасына әсерін көруіміз мүмкін”, – дейді Ионосфера институтының ғарыштық ауа райын диагностикалау және болжау зертханасының аға ғылыми қызметкері Ботагөз Сейфуллина.
Бұған дейін 18 қыркүйек күні Жерде қуатты магнит дауылы жүргені туралы жазған едік.