Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстанда діни материалдарды маркетплейсте сату заңнамалық тұрғыда реттелмек

Фото: pixabay.com

Қазақстанда маркетплейсте діни материалдарды сатуды заңнамалық тұрғыда реттеу қарастырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратура елімізде соңғы кездері дау тудырған бірқатар мәселелерге тоқталды. Оның ішінде киіз үйде би билеп, видео түсірген жастарға қатысты іс те бар.

“Бұл бейнеролик Алматы облысының Қарасай ауданында түсірілген. Аталған факті бойынша Қарасай ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен (əлеуметтiк, ұлттық, рулық, нəсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Бас прокуратура арабша жазуы бар тумен суретке түскен никабтағы қыздардың жауапқа тартылғанын айтты.

“Атырау облысындағы оқиға бойынша құқыққа қайшы əрекет жасаған 4 қыз сотпен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) əкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар: Ф.Қ.Айтқали (78 640 теңге айыппұл), Ғ.Қ.Халмұрат (заңды өкілі анасына 39 320 теңге айыппұл), Н.А.Асылбек (заңды өкілі анасына 39 320 теңге айыппұл), М.К.Нұркешева (15 тəулікке əкімшілік қамақ)”, – делінген хабарламада.



Бас прокуратура мәліметінше, аталған факті бойынша 27 наурызда Атырау қаласының полиция департаменті тергеуді бастаған.

“Полиция қылмыстық кодекстің 372-бабы (мемлекеттік рəміздерді қорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптама тағайындалды. Болған жағдайға құқықтық баға беріліп, қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданады”, – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ Бас прокуратура арабша жазуы бар мемлекеттік туды сатқан маркетплейстен жарнама алып тасталғанын айтты.

“Қылмыстық қудалау органымен "Ozon" маркетплейсінің Қазақстандағы өкілдігіне қылмыстық құқық бұзушылықтар жəне басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мəн-жайларды жою жөнiндегi ұсыну Қылмыстық процестік кодекстің 200-бабының тəртібі шеңберінде жолданды. Нəтижесінде "Ozon" сайтынан арабша жазуы бар мемлекеттік туды сату туралы, кез келген діни материалдарға қатысты барлық жарнама алып тасталды”, – делінген хабарламада. 

Ал Мəдениет жəне ақпарат министрлігі маркетплейстерде діни материалдардың таралуын заңнамалық реттеу мəселесін қарастырып жатыр екен.

“Онлайн платформалар мен масс-медиада жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу, зайырлы мемлекеттегі дін, киберқауіпсіздік, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар, қазақ мəдениетінің дəстүрлі құндылықтары туралы ақпараттық-түсіндіру контенттері жарияланып жатыр”, – делінген хабарламада. 

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сəйкес, орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылынан бастап 9-сыныпта "Зайырлылық жəне дінтану негіздері" міндетті вариативтік курсы 11 сағат көлемінде оқытылып жатыр. Онда білім алушылар зайырлы мемлекет, діннің қоғам өміріндегі орны, жалған діни жəне деструктивті діни ағымдардың əсер ету қаупі туралы көзқарастарын қалыптастыруға бағытталған тақырыптарды меңгереді,

Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің мəліметінше, жоғары оқу орындарында дін саласында білім беру бағдарламасы əзірленіп, енгізіліп жатыр.

“Атап айтқанда, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жəне Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде "Дін психологиясы", Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде "Дінтану-психология", М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде "Әлеуметтану-дінтану" білім беру бағдарламасы қарастырылған. Діни экстремизмнің жəне терроризмнің алдын алу жəне болдырмау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар тиісті жұмыстарды жалғастырып жатыр”, – делінген хабарламада. 

Бұған дейін жүздерін жасырып, қолдарына арабша сөздер мен қылыш бейнеленген Қазақстан туын ұстаған қыздардың суреті желіде қызу талқыға түскен еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 02 Мамыр, 2025 11:50
Талқылау