Қазақстанда диабетке қарсы препарат өндірісі іске қосылды
Шымкенттегі Polpharma Santo зауытында қант диабетінің екінші типін емдеуге арналған заманауи препарат – дапаглифлозиннің өндірісі басталды. Мұндай өмірлік маңызды дәрілерді локализациялау Қазақстан үшін тек медициналық мақсаттарды орындау ғана емес, сонымен бірге фармацевтика саласының әлеуетін нығайтып, экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін стратегиялық шешім болып отыр.
Polpharma Santo компаниясының бас директоры Адам Алексеюк пандемияны еске алып, одан сабақ алу керегін айтты. Оның сөзінше, енді дәрі-дәрмектің қолжетімділігі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігіне айналған.
"Пандемиядан кейін біз дәрі-дәрмектің қолжетімділігі – елдің қауіпсіздігі мен халық денсаулығының кепілі екенін түсіндік. Бір жағынан, біз азаматтарды қажетті препараттармен қамтамасыз етуге тиіспіз, екінші жағынан, өндірісті локализациялау экономикалық тұрғыдан да тиімді. Мәселен, жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджетке қосымша салық түседі, әрі қазақстандық өнімді шетелге экспорттау мүмкіндігі пайда болады", – дейді ол.
Адам Алексеюк дапаглифлозинді Қазақстанда шығару үшін шамамен 2 миллион еуро көлемінде инвестиция салынғанын еске алды.
"Бұл – болашақтың емес, бүгіннің міндеті. Соңғы жылдары біз шамамен екі миллион еуро көлемінде қаржы құйып, өндірісті жолға қойдық және өнімді еуропалық GMP стандартына сәйкес цехта шығара бастадық. Диабетпен ауыратындар санының артуы – үлкен мәселе. Сондықтан Қазақстанда өндірілген, сапасы жоғары әрі қолжетімді дәрі-дәрмектің пациенттер үшін маңызы зор болмақ", – деп атап өтті Адам Алексеюк.
Ол сонымен қатар қазақтың тағамдарына қатысты жеке ойын да айта кетті.
Өндірісті іске қосу барысында компания негізінен реттеу саясатының тұрақтылығы мен баға белгілеу механизмінің алдын ала болжануына қатысты қиындықтарға тап болады. Адам Алексеюк инвестицияларды бірнеше жылға алдын ала жоспарлау қажеттігін атап өтті.
"Біз 2 миллион еуро көлемінде инвестиция салған кезде, алдағы үш-бес жылда жағдайдың қалай өзгеретінін алдын ала білуіміз керек. Бес жыл бұрын бастаған жобамыздың нақты өндірістік процестері тек биыл іске қосылды. Алғашқы өнімді жеткізу 2025 жылдың 15 желтоқсанынан кейінге жоспарланып отыр", – деді ол.
Бас директордың айтуынша, тіркеу рәсімдерінің айқындылығы мен баға саясатының тұрақтылығы ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады.
Дапаглифлозиннің шығуы – тек алғашқы қадам. Алдағы уақытта Polpharma Santo қант диабетіне арналған ситаглиптин мен метформиннің комбинациялық препараттарын нарыққа ұсынуды, кардиология бағытындағы дәрілердің желісін кеңейтуді және онкология саласындағы жобаларды жалғастыруды көздеп отыр.
"Біздің мақсатымыз – әлемдік тәжірибеде қолданылып жүрген заманауи молекулаларды Қазақстанда да еуропалық стандартқа сай шығару", – дейді Адам Алексеюк.
Медицина мамандары да мұндай бастамалардың өзекті екенін растап отыр. Республикалық эндокринология және диабет орталығының басшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас эндокринологы Даньярова Лаура Бақытжанқызы 2025 жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша елде шамамен 544 мың науқас тіркелгенін және олардың 95%-ы екінші типті диабетке жататынын айтады.
Сарапшылардың пікірінше, диабетпен күресте тек дәрі-дәрмек өндірісі жеткіліксіз. Мемлекеттік саясат, денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы, фармацевтикалық компаниялардың бастамалары және ең бастысы – науқастың өзі белсенді қатысуы қажет.
"Диабетпен күрестің негізгі тетіктерінің бірі – халықтың денсаулыққа қатысты сауатын арттыру. Бұл жерде онкологиялық аурулардағы сияқты "диабеттік қырағылық" қажет. Себебі қант диабеті жүрекке, бүйрекке, көру қабілетіне, аяқ-қолдарға әсер етіп, мүгедектікке әкелетін асқынуларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан әрбір азамат бұл туралы білуі тиіс. Мұнда фармацевтикалық компаниялардың әлеуетін білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға және бұқаралық ақпарат құралдарын тартуға пайдалану маңызды. Сонымен қатар науқастардың өздеріне де ауруды басқаруды үйрету қажет. Мемлекет осы бағытта 2015 жылдан бері ауруларды басқару бағдарламасын іске асырып келеді. Тағы бір маңызды бағыт – алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлерін оқыту, себебі дәл солар ерте диагностикамен айналысады. Қазірдің өзінде екінші типті қант диабеті мен жүрек-қан тамыр ауруларын анықтауға арналған скринингтік бағдарлама бар", – дейді Лаура Даньярова.
Алдағы жылдардағы басты серпілістер туралы айтқанда, сарапшы жаңа технологияларға ерекше тоқталды.
"Бүгінде біз глюкозаға үздіксіз мониторинг жасағанда заманауи құрылғыларын қолдана аламыз. Тіпті қазірдің өзінде қандағы қант деңгейін инвазивті емес жолмен өлшеуге мүмкіндік беретін технологиялар бар. Әрине, мұнда бастысы – олардың тиімділігін халықаралық тәжірибелер мен клиникалық протоколдар дәлелдеуі керек. Диабетті емдеудің болашағы – бірнеше заманауи молекулаларды біріктіретін жаңа дәрілер. Мысалы, инкретиндік препараттар қазірдің өзінде Қазақстанда бар және алдағы жылдары негізгі трендке айналатынына сенемін. Сондай-ақ ұзақ әсер ететін инсулин формалары да үлкен маңызға ие болады", – дейді маман.
Лаура Даньярова соңғы жылдары аурудың жаңа жағдайлары біршама азайғанымен, жалпы таралу көрсеткіші өсіп келе жатқанын айтты. Бұл өмір сүру ұзақтығының артуымен, диагностиканың жақсаруы және емге қолжетімділіктің кеңеюімен байланысты көрінеді.
С. Асфендияров атындағы ҚҰМУ-ның эндокринология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Ақмарал Нұрбекова жалпы практика дәрігерлері қант диабетімен ауыратын науқастарды ерте диагностикалау және емдеуде жеткілікті тәжірибе жинақтағанын сөз етті.
"2012 жылдан бастап таблетка түріндегі препараттарды қолданатын екінші типті науқастарды жалпы практика дәрігерлері бақылайды. Олардың тәжірибесі жеткілікті. Елде созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы жұмыс істейді, ол пациенттердің динамикалық бақылауын қамтамасыз етеді", – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, науқастар көбіне бірнеше қосымша ауруға байланысты түрлі дәрілерді қатар қабылдайды. Бұл дәрі қабылдауды қиындатады. Сонымен бірге дәрігерлерде уақыт тапшылығы бар, сондықтан емдеу схемаларын жан-жақты түсіндіруге жеткілікті уақыт қалмайды.
"Емге адалдықтың төмендігі – кешенді мәселе. Дегенмен денсаулық сақтау жүйесі мен фармацевтикалық компаниялар бұл жағдайды шешуге үлес қоса алады. Оны пациенттерді ақпараттандыру, білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру және кейбір функцияларды мейірбикелер деңгейіне беру арқылы жүзеге асыруға болады", – деп атап өтті маман.
Сондай-ақ Нұрбекова Ақмарал Асылқызы инновациялық дәрі кластарын – SGLT2 ингибиторларын және инкретиндік препараттарды – маңызды деп санайды.
"SGLT2 класына жататын препараттар мен инкретиндік шешімдер революциялық деп саналады. Олар глюкозаны төмендетумен қатар жүрек пен бүйректі қорғаушы әсерге ие. Бұл дәрілер науқастардың өмір сапасын жақсартып, жүрек-қан тамырлары асқынуларынан туындайтын өлім-жітімді азайтуға ықпал етеді", – дейді маман.
Ақмарал Нұрбекова алдағы жылдары комбинирленген молекулалар мен ұзақ әсерлі инсулин формалары маңызды жаңалықтарға айналуы мүмкін екенін айтып өтті.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
