Қазақстанда дәстүрлі банктер исламдық банкинг қызметін көрсетеді
Қазақстанда дәстүрлі банктер исламдық банкинг қызметін көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Shutterstock
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл жаңашылдық банктер туралы жаңа заң жобасында қарастырылған. Ол банктерге өздерінің негізгі қызмет бағытын өзгертпей-ақ исламдық қаржыландырумен айналысуға мүмкіндік береді.
Агенттіктің айтуынша, мұндай тәсіл инвесторлар, соның ішінде шетелдік инвесторлар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады және исламдық банкинг нарығына кіруді жеңілдетеді. Бұл халық пен бизнес үшін исламдық банктік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Халықаралық тәжірибені зерттеу және шет мемлекеттердің орталық банктерімен, реттеуші органдарымен кеңесулер нәтижесінде Агенттік "исламдық терезелерді" реттеудің либералды моделін таңдады. Бұл модель дәстүрлі банктерге қолайлы. Ол "исламдық терезе" мен банктің дәстүрлі бөлігі арасында тығыз әрекеттестікке жол береді және банктің ішкі исламдық кеңестерінің дербестігін қамтамасыз етеді.
"Исламдық терезелерге" қойылатын басты талап – олардың қызметін банктің негізгі қызметінен бөлек ұйымдастыру. Ислам банкингіне қатысты барлық операциялар бөлек есептелетін болады. Сондай-ақ, исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша банк кеңестерінің басшылары мен мүшелеріне қойылатын біліктілікке қатысты ең төменгі талаптар енгізіледі”, – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, исламдық операциялар үшін арнайы қаржылық нормативтер әзірленетін болады.
"Жалпы алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер банктерге шариғат қағидаттарын сақтай отырып, исламдық қаржымен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді", — деп хабарлады қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда жаңа банктер пайда болатынын жазғанбыз.