Қазақстанда дәрі-дәрмектің шекті бағасы қайта есептеледі
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Қазақстанда дәрі-дәрмектің шекті құнын есептеудің жаңа үлгісін енгізу жоспарланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pexels.com
Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығы еліміздегі дәрі-дәрмектің шынайы құнын анықтауға мүмкіндік береді.
"Жыл басынан бері Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмек бағасын реттеу әдістемесіне қатысты орынды сын айтылды. Бұл мәселемен белсенді түрде айналысамыз. 1 желтоқсанға дейін жаңа бұйрық шығады. Біз дәрі-дәрмектің шекті құнын есептеудің жаңа үлгісін енгіземіз. Бұйрық шамадан тыс ақша қосылмас үшін дәрі-дәрмектің өз құнын анықтауға бағытталған”, – деді вице-министр.
Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі кедендік рәсімдеу жүйесімен интеграциялау арқылы дәрі-дәрмек тасымалдау шығындары туралы ақпаратты зерттеп жатыр.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда маймыл шешегінің таралу қаупіне баға берген еді.
Сондай-ақ енді дәрілердің аналогтарының бағасы түпнұсқадан төмен болады. Жаңа бұйрықта генерикалық дәрілік заттың шекті бағасын анықтау кезінде дәрінің аналогының бағасы түпнұсқадан 30% төмен болатыны жазылған.
“Осы препараттардың шекті құнын анықтау үшін осында көрсетілген негізгі құнын қараймыз. Бұл көтерме және бөлшек саудаларға да қатысты. Оның ішінде жеке дәріханалар да бар”, – деді Ержан Нұрлыбаев.