Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бұзылған бөгеттерді салған компанияларға қатысты тергеу басталды

Бөгеттерді салған мердігерлер бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Келтірілген шығынның алдын ала сомасы 775 миллион теңгеден асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: tass.ru

Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі Қазақстанның үш өңірінде селден қорғайтын бөгеттер мен су қоймаларын салу және тиісті жөндеу, өзен арналарын кеңейту жұмыстарын жүргізуге тиіс мердігерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеді.

Алматыда төтенше жағдайлар министрлігінің "Қазселденқорғау" ММ-мен келісімшартқа отырған мердігер ұйымның директоры бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінді.

"ЖШС "Ақсай өзенінің бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу" жобасын жүзеге асырған. ЖШС-ның жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Залал сомасы алдын ала есеп бойынша 775 миллион теңгеден асады", – деді қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Агенттіктің ресми өкілі ауыр зардаптарға әкеп соққан міндеттерге немқұрайлы қарау фактісі бойынша Ақтөбе облысындағы "Магаджан" бөгетін (су қоймасын) сенімгерлік басқаруға алған ЖШС басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті.



"Анықталғандай, 2014 жылы бұл бөгет балық шаруашылығын жүргізу мақсатында жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда ЖШС бөгетті күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша өз міндеттерін орындамаған", – деді Әлібек Әбділов.

Бұдан бөлек Ұлытау облысында да ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Аталған мердігер компания көктемгі су тасқыны кезінде жақын маңдағы аумақтарды шайылып кетуден қорғау үшін ұзындығы 2 шақырым Жезді өзеніне санация жүргізу үшін жалпы сомасы 485,5 миллион теңгеге мемлекеттік мекемемен келісімшарт жасасқан. Алайда жобаны іске асырудың бақылау өлшемімен мердігер жалпы сомасы 282,5 миллион теңгеге жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын нақты орындамағаны анықталды. Сол кезде ЖШС атына орындалған жұмыстар актілеріне сәйкес 400 миллион теңге аударылған. Салдарынан 26 үй су астында қалып, 174 адам эвакуацияланды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Еске салайық, Батыс Қазақстан облысынан судың келуіне байланысты Атырау облысында өткен тәулікте Жайық өзеніндегі гидробекеттерде де су деңгейінің шамалы көтерілуі байқалды. Сәуірдің үшінші онкүндігінде үлкен су келу ықтималдығы туралы жазған едік. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша оның Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына жұмыс сапарларының қорытындысына сәйкес әкімдіктердің, ТЖМ, ІІМ және Ұлттық ұланның, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Талқылау