Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бөтен тауар таңбасын қолданғандар үш жылға дейін сотталады

сотФото: istockphoto.com

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Сенатта бизнес өкілдерінің зияткерлік меншігі қалай қорғалатынын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды

Бүгін Сенатта "Зияткерлік меншік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды. Бұл заңның мақсаты – зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды жетілдіру, креативті экономиканың дамуына қолайлы жағдай жасау, инвестициялар тарту және осы саладағы құқықтық реттеуді тиімді, заманауи талаптарға сәйкестендіру.

Вице-министр Ботагөз Жақселекованың айтуынша, заң жобасына бөтен тауар таңбасын (брендті) заңсыз пайдаланғаны үшін алты айдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.

Бұдан бөлек, айыппұл мөлшері 80 айлық есептік көрсеткіштен 200 АЕК-ке дейін (2025 жылы 314 560 теңгеден 786 400 теңгеге дейін) өседі. Сонымен қатар, қылмыстардың сараланған белгілері енгізіледі.

Әділет министрлігінің мәліметінше, қабылданған заң авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарының қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және жиналған сыйақыны әділ бөлу мақсатында бірыңғай цифрлық платформаны құруды да көздейді.

Бұл платформа теледидар, радио және басқа да арналарды бір жүйеге қосып, орындалған туындыларды автоматты түрде тану және есепке алу мүмкіндігін береді. Осы арқылы авторлар, орындаушылар мен фонограмма өндірушілерінің өзекті тізілімдері қалыптасып, жүйенің ашықтығы артады және авторлар еңбегі үшін әділ сыйақы алу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда концерттерде фонограмма қолданғандарға 3,9 миллион теңгеге дейін айыппұл салу ұсынылды.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 06 Қараша, 2025 15:30
Талқылау