Қазақстанда блогерлер жалған ақпарат үшін жауапқа тартылып, жарнама жасағандар салық төлейді
Мәжіліс депутаттары онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы заңды бірінші оқылымда-ақ мақұлдады. Алдағы уақытта әлеуметтік желң қолданушыларының жауапкершілігі артып, заңнамада "блогер" және "инфлюенсер" ұғымдары пайда болады. Мәселен, онлайн палтформаны табыс көзіне айналдырған пайдаланушылар салық төлеуге міндеттеледі. Ал ақпараттың жалған екендігін біле тұра таратқан кісі жауапқа тартылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжіліс "Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді желі қолданушыларының табысы, оқырман саны, контентіне қарай жауапкершілігі де артады. Мәселен, платформаны кәсіпке айналдырып, жарнама жасаған адам салық төлеуге міндетті. Әрі жарнама екенін айғақтайтын арнайы таңба қоюы керек. Бірақ әзірге нақты қандай белгі болатыны белгісіз. Егер жарнама тегін, тек ақпараттық қолдау көрсету мақсатында болса, салық төлемейді. Демек блогердің инфлюенсер не қарапайым желі қолданушысы болуы алған қаржыға байланысты.
“Қарапайым өмірде сіз тұтынушысыз, мен тұтынушымын. Бірақ мен қызметтерді жарнамалап жатсам, тауарды жарнамаласам қаржылық қарым-қатынасқа түсетін болсам, мен инфлюенсер атанамын. Қалған уақытта аталмаймын”, – деді мәжілісмен Айдос Сарым.
Сондай-ақ жауапкершілік те желі пайдаланушысының іс-әрекетіне қарай бағаланады. Мысалы, адам мәліметтің өтірік екенін біле тұра таратса, жауапқа тартылады. Бұл үшін 69 мың теңге айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал әлеуметтік желіде оқырманы көп депутат Дәулет Мұқаев соңғы кездері "фейк аккаунттардың" құрбаны болғанын мәлімдеген. Себебі мәжілісменнің атын жамылған қылмыскерлер түрлі заңдарды қабылдап, ойындар ұйымдастырып, елден ақша жинауды әдетке айналдырған. Алайда оларды табу мүмкін емес. Құзырлы орган өкілдері де желіде жалған аккаунтпен отыратын адамды табу қиын дейді. Оған техникалық базалары жетпейді екен.
“Біздің белгілі бір мүмкіншіліктеріміз бар. Бірақ біз техникалық мүмкіндіктерге байланысты заң бұзушыны таба алмайтын кездер де болады. Мәселен, қазір өндірістегі 33 істің 17-ін анықтай алмадық”, – деді ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Шенділер енді елде ірі онлайн платформалардың өкілдеріктерін ашуда проблема болмайды деп сендірді. Өйткені қазір Қазақстан нарығы ТМД елдері ішіндегі ең тартымды алаң болып отыр. Мысалы, жақында TikTok желісінің өкілдігі іске қосылған. Әрі 13 жасқа дейінгі балалар көретін контентті шектеу туралы да ұсынысын қабылданып отыр. Бастысы қазақстандықтар қолданатын онлайн платфомалар мемлекеттік тілге аударылып, қазақ тілді контентті көбейту екен.