Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау": Қазақстанда біртұтас автожол компаниясы құрылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында елдегі жол сапасын сынға алып, біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

қазавтожол

Президенттің сөзінше, биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

“Біз бір апта бұрын еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелері туралы арнайы жиын өткіздік. Бүгін автожол инфрақұрылымы саласындағы түйткілдерге ерекше тоқталғым келеді. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет", – деді ол. 

Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс барысында елдегі жол сапасына ерекше назар аудару керегін атап өтті. 

"Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес", – дейді Тоқаев. 

Сондай-ақ президент Ақордаға апаратын жолды да сынға алды. 

“Басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп”, – деп мәлімдеді Тоқаев. 

Сонымен қатар президент Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың барлығы бар екенін мәлімдеді.

“Бірақ отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы, елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы 3 есе, яғни бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырамын. Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек", – деді президент.

Тоқаев Қазақстандағы автожол саласына түбегейлі реформа жасайтын уақыт келгенін мәлімдеді. 

"Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық", – дейді мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы елде екі компания жұмыс істегенімен, тұрғындардан түсетін арыздың азаймай тұрғанын қосып өтті. 

"Ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке "ҚазАвтоЖол" және "Казахавтодорды" біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады", – деп қосты ол. 

Талқылау