Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бірыңғай QR-код арқылы төлемдер мен аударымдар жүйесі қашан іске қосылады

банк арасында телефон нөмірі арқылы ақша аудару жүйесі

Фото: Ru.freepik.com

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кеңес өткізді. Кеңесте әртүрлі банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аудару жүйесі қашан іске қосылатыны талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық банктің мәліметінше, телефон нөмірі арқылы банктер арасында аударымдар жасау жүйесі қазірдің өзінде екінші деңгейлі бес банкте іске қосылған. Жаңа жүйе енгізілгелі бері мұндай аударымдардың саны тұрақты өсіп келеді.

Тағы төрт банкте техникалық қосылу кезеңі жүріп жатыр. Барлық екінші деңгейлі банктер бұл жүйеге 2025 жылдың қыркүйегіне дейін толық қосылады деп жоспарланып отыр.

Кеңес барысында банк арасында QR-төлемдерді іске қосу шаралары да талқыланды. Қауіпсіздікті арттыру үшін клиенттердің деректерін беру форматы жаңартылды – енді ол құрылымды түрде беріледі. Бұл күдікті немесе алаяқтық операцияларды тиімді қадағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар QR-төлем жүйесіне қосылғысы келетін банктерге қойылатын талаптар күшейтілді.

Кездесу қорытындысында барлық қажетті техникалық жұмыстар мен QR-төлем форматтары келісілгеннен кейін, барлық банктердің қатысуымен бұл қызмет 2025 жылдың соңына дейін толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Ұлттық банк бірыңғай QR-код жүйесі кәдімгі мобильді банктік қосымшалар сияқты ыңғайлы болатынын түсіндірді. Кез келген банктің клиенті өз қосымшасы арқылы терминал басқа банкке тиесілі болса да төлем жасай алады. Қазір мұндай төлемді тек бір банктің шеңберінде жасауға болады. Ал жаңа банк аралық жүйе бұл мүмкіндіктің аясын кеңейтеді.

Пайдаланушылар өздеріне ыңғайлы кез келген банкті таңдап, кез келген терминал арқылы сатып алған заттарына төлем жасай алады. Ол терминалдың қандай қаржы ұйымына тиесілі екені маңызды емес.

Комиссия мәселесі нарықпен реттеледі. Яғни, банктер мен төлем жүйелері тарифті өздері белгілейді, өйткені бұл олардың инфрақұрылымды ұстап тұру шығындарына байланысты.

Сонымен қатар төлемдердің қолжетімді болуы арнайы тарифтік кеңесте талқыланып жатыр. Ұлттық банк қазір нарық қатысушыларымен бірге комиссияны төмендету бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, бәсекелестік аударымдардың арзандауына әсер етіп жатыр.

Ұлттық  банк бірыңғай QR-код арқылы төлем жасаудың тегін болуы міндетті емес екенін атап өтті. Бұл мәселе әлі де талқылау сатысында, бірақ тұтынушылар үшін, қазірдегідей, төлем жасау тегін болып қалуы керек.

Еске салайық, 2024 жылы 15 қарашада Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы Қазақстандағы барлық банктерге ортақ бірыңғай QR-код арқылы төлем жасау жүйесін таныстырған еді.

Айым Болатқызы
Жұма, 04 Шілде, 2025 20:49
Талқылау