"43 503 киіктің қалғаны қайда екені белгісіз": Қазақстанда былтыр ақбөкен етінен 5,5 тонна консерві дайындалған
Ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөкен етін консервілеу бойынша мәліметтерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі Фонд-бюро расследования коррупции Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылы ақбөкен етінен 5425 келі консерві өндірілген. Олар Астана, Қостанай және Арқалық қалаларында сатылды.
Консервілерді шығарумен "Торғай ет" ЖШС бір ғана кәсіпорын айналысқаны атап өтілді. 2023 жылдың желтоқсан айында ақбөкен етін бұқтыру тоқтатылды.
"Ет өңдеу кәсіпорындары киік етін өңдеу міндетін қойған жоқ. Өйткені олар негізінен ірі және ұсақ малды союға бағытталған", – деп толықтырды ведомство.
Бұған дейін экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылдың 6 қазанынан бастап "Охотзоопром" мемлекеттік кәсіпорны 43 503 ақбөкенді атып тастағанын мәлімдеді.
Бірақ экология және табиғи ресурстар министрлігі мен сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда қырылған киіктердің етінен қаншасынан консерві жасалғанын, қаншасы экспортқа шығарылғанын және қаншасы ішкі нарықта сатылғанын айтпады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті 2023 жылдың 30 қазаны мен 10 желтоқсаны аралығында 1132 ақбөкен атылып, тапсырылғанын хабарлады. "Торғай ет" ЖШС ет комбинаты 11 243 дана ет консервілерін өндірген. Сондай-ақ 1 ыдыс бұқтырылған еттің бөлшек саудадағы бағасы 1000 теңге екені айтылды.
Ет комбинаттарына 1132 ақбөкен жеткізілсе, экология министрлігі жариялаған 43 503 бас киіктің қалған бөлігі қайда екені белгісіз.