Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық үкімет фейк ақпаратпен қалай күресуде?

Соңғы 5 жылда фейк жаңалықтар күнделікті өмірімізге жиі кездестіретін болдық. Жалған жаңалықтар бізге әртүрлі жолдармен әсер етуі мүмкін. Кейде олар зиянсыз көрінгенімен, кейде салдары үлкен болып жатады. Осы тұста мәдениет және ақпарат министрлігі фейк жаңалықтардың таралуына қарсы тұру құралдарының бірі ретінде Stopfake.kz арнайы фактчекинг порталын іске қосты. Порталда желі қолданушылары арасында цифрлық гигиенаны әзірлеу бойынша жүйелі жұмыс шеңберінде жалған ақпаратты таратудың әртүрлі кейстеріне тексеріс жүргізіледі. Одан бөлек үкімет фейк ақпаратпен күресті қалай жүргізеді? Осыған тоқталайық.

Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Есмағұл Ілияс

Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ пен әлеуметтік желіні қамтитын медиа-кеңістікте тәулік бойы мониторинг жүргізіп, халық арасында жоспарлы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Есмағұл Ілиястың сөзінше, фейк ақпарат көбіне желі арқылы жиі таралады.

“2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін жалған ақпарат таратуға байланысты 4513 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде мыңнан астамы онлайн-платформалар мен әлеуметтік желілердегі интернет-ресурстарда ("Facebook" – 310, "Instagram" – 525, "Тикток" - 140, "YouTube" - 41, "Однолкассники" - 8, "Telegram" - 55, "Вконтакте" - 5, интернет-ресурстарда 28). Министрлік онлайн-платформалар мен интернет-ресурстар әкімшілігіне Қазақстан заңнамасындағы заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау туралы 200-ден аса хабарлама хат жолдады, сондай-ақ уәкілетті органның нұсқауы негізінде жалған ақпарат таратқан үш мыңнан аса материалдарға шектеу қойылды”, – дейді ол. 

Сонымен қатар жалған мәліметтерді таратуға байланысты қылмыстық-жазаланатын іс-әрекет белгілері бар материалдар анықталған жағдайда келесідей шаралар жасалады. Яғни қажетті дәлелдемелік базасы бар тиісті материалдар (аудио, бейне, скриншоттар) құқық қорғау органдарының атына оларды таратқандарға қатысты жедел-іздестіру және қылмыстық-процестік шаралар қабылдау үшін жіберіледі. 

"Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама” туралы заң күшіне енген сәттен бастап министрлік қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қозғайтын онлайн-платформалардағы жалған ақпаратты орналастыру және тарату фактілерін анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізеді. Онда ресми дереккөздермен салыстыра отырып және оның шындыққа сәйкес келмейтіні расталған жағдайда, көрсетілген материалдар ішкі істер органдарына өз құзіреті шегінде қарауға, осындай ақпаратты орналастырған немесе таратқан адамдарды анықтау және оларды белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары жасалынады”, – дейді Есмағұл Ілияс. 

"Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама” туралы заң қолданысқа енгізілгеннен бері министрлік желіде қоғам мен мемлекетке зиян келтіретін жалған ақпаратты орналастыру және тарату фактілерін анықтау мақсатында жүйелі түрде тексерулер жүргізіп келеді.

Жауапкершілік шаралары да қарастырылған. Мәселен, егер мұндай жалған ақпаратты орналастыру фактілері анықталса, материалдар полицияға беріледі. Олар бұл ақпаратты кім жариялағанын анықтайды және бұл адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Есмағұл Ілияс мұндағы мақсат – интернеттегі жалған ақпараттың зиянды әсерінің алдын алу арқылы қоғамның мүддесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін баса айтты.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен күш-жігері арқасында бұл бағыттағы жұмыс қарқыны артып келеді. 

“Сонымен қатар заңда "инфлюенсер (блогер)" және "пайдаланушы" деген жаңа ұғымдардың пайда болуымен, сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуімен мемлекет қазір фейк жаңалықтармен күресудің тиімді құралдарына ие болды. Қазір интернет кеңістігіндегі барлық қызмет субъектілері құқықтық қатынастарға қатысады және әрбір пайдаланушы жалған ақпаратты жариялау мен таратудың құқықтық салдары туралы біледі, бұл оның таралуының алдын алуға және қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді”, – дейді ол. 

Талқылау