Қазақстанда бастауыш сынып оқушыларына жаңа пән енгізу ұсынылды
Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен депутат Нұртөре Жүсіп еліміздің премьер-министріне қазақстандықтардың өз құқықтарын қорғау туралы ақпаратқа қанық еместігін айтып, сауал жолдады. Олар мектептерде бастауыш сыныптарға арналған жаңа пәнді енгізу туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірумен қатар, олардың құқықтық тәрбиесі мен жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеу жөніндегі пәрменді жұмыс қажет. Мұндай қажеттілік зорлық-зомбылық мәселесі тек отбасында ғана емес, мектепте де, көшеде де бар екенін көрсетеді. Жоғарыда айтылғандарға байланысты адам құқықтарының негіздерін жалпы білім беретін мектеп бағдарламасы шеңберіндегі міндетті пәндер тізбесіне енгізу ұсынылады", - деді Нұртөре Жүсіп Сенат отырысында.
Ол 2013 жылдан бастап мектеп бағдарламасына "Адам. Қоғам. Құқық" пәнін оқыту 9-сыныптан басталатынын айтты. Оның айтуынша, бағдарламаның мазмұны адам құқықтары мен бостандықтарының мәні мен оларды қорғау тәсілдерінен гөрі, адам табиғаты туралы философиялық тұжырымдамаларға басым әсер етеді.
"Ұсынылып отырған жаңа пән тәжірибеге бағдарланған сипатқа ие болуы тиіс, сондай-ақ адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері мен құралдары туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Бұл ретте аталған пәнді бастауыш сыныптардан енгізген жөн", - деді депутат.
Сенатордың пікірінше, елімізде жыл сайын балаларға қатысты қылмыстардың өсуі байқалады.
"Бас прокуратураның ақпараты бойынша, мұндай қылмыстардың саны биыл сегіз пайызға өсті, бұл кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық фактілерін жасырғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуіне байланысты. Жалпы, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жағдайларының 70 пайыздан астамын жақын маңдағы адамдар жасайды", - деп атап өтті сенаторлар.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
